388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бизнесмендердің құқықтарын бұзу деректері азайып келеді

  • 552
  • UPD: 14:15, 08.08.2017

Ағымдағы жылдың артта қалған 6 айында бизнес-омбудсмен аппаратына кәсіпкерлерден  3 мыңнан астам арыз түскен.

1 300 үндеу оң шешімін тапты. Қорғалған мүлік сомасы 30 млрд теңгеден асты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің пайымдауынша, елде бизнес-омбудсмен институты пайда болғалы кәсіпкерлер құқығын бұзу деректері азайып келеді.

Тараз қаласының тұрғыны Анатолий Пак жасы зейнетке келіп қалса да мойымай өз ісін дөңгелетіп отыр. 2011 жылы жергілікті әкімдіктен қажетті жер телімін алған. Жоспар бойынша Анатолий бұл алаңға бірнеше павильон салу керек еді. Бірақ құрылысты бастауға қаулы шықпады. Мәселе 4 жыл бойы шешімін таппағандықтан, зейнеткер бизнес-омбудсменнің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.

Анатолий Пак, кәсіпкер:

- Қолымда жер комиссиясының қорытындысы болды. Маған 6 жылға жер телімі берілді. Алайда оны іске жарата алмадым. Себебі белгісіз. Тек бизнес-омбудсмен әкімдікке хат жазғаннан кейін ғана жер қаулысына қол жеткіздім.

Былтыр іскер азаматтар бизнес-омбудсменге 7  мыңнан астам өтініш жазған. Олардың 3 мыңы бойынша оң шешім қабылданды. Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта бизнесмендердің құқықтарын бұзу деректері азайып келеді.

Олег Савеленко, ҚР «Атамекен» ҰКП департаментінің директоры:

- Соңғы 3 жыл ішінде бізге келіп түсетін өтініштер тек белгілі бір салаларға қатысты болды. Болат Абылқасымұлының жетекшілігімен көптеген түйіткілдер шешілді. Кәсіпкерлер құқығы сирек бұзылады. Ал даулы мәселелер кейбір мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты пайда болады.

Қазақстанда бизнес-омбудсмен институты  бір жарым жыл бұрын іске қосылды. Оның басты міндеттері – кәсіпкерлердің құқығын қорғап, олардың арызын қарастыру. Сондай-ақ жауапты тұлға бүкіл бизнес қауымдастығы атынан шағым жазып, қабылданған шешімдерді жоққа шығара алады. Мемлекеттік органдармен келіспеушілік болған жағдайда омбудсмен прокуратураға өтініш береді. Ал мәселенің шешімін табу мүмкін болмаған жағдайда ол Президенттің қарауына үндеу жолдайды. Бұл институтты нығайту мақсаты Ұлт жоспарының 54-ші қадамында көрсетілген. Қазір тапсырма нақты орындалды деп айтуға айтуға толық негіз бар.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ботагөз Сарқұлова, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы