425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысындағы С.Сейфуллин ауылының халқы күре жолды өз күшімен жөндеді

  • 1272
  • UPD: 17:37, 07.10.2017

Қарағанды облысының Жаңарқа ауданындағы Сәкен Сейфуллин ауылының азаматтары 25 шақырымдық күре жолды өз күштерімен жөндеп алды. Қазір олар елді мекеннің ішіндегі жолды қалпына келтіріп жатыр. Сырттан сарылып көмек күтпей, кез-келген істі асарлатып атқаратын ауыл жұрты енді су шайып кеткен тоғанды да тұрғызып алсақ дейді.

Сәкен ауылын аудан орталығымен жалғап жатқан 25 шақырым күре жолдың жөнделмегеніне 50 жылдан асыпты. Кейінгі жылдары мүлдем жүруге келмей қалған. Шұрық-тесік жолды жамау үшін жұрт екі жарым миллион теңге ақша жинап, аудандағы зауыттан 154 тонна асфальт сатып алған. Оны төсеуге ауылдың тайлы-таяғы қалмай жиналыпты.  

Насредин Туғанбаев, ауыл тұрғыны:

- Жан-жаққа кеткен жігіттер, азаматтар, біз сіздерге көмектесіп жіберейік, мына жол тозып кетті, жол қатынасы өте нашар деп, қолға осы жұмысты алып, өздері бастама көтеріп, осылай келіп, жолымызды жап-жақсы жөндеп кетті.  

Қазір азаматтар ауылдың ішкі жолдарын қалпына келтіріп жатыр. Енді қар түспей іргедегі тоғанды жөндеп алғысы келеді. Себебі елді мекен маңында ешбір өзен, көл жоқ. Ал ауылда қазір ірілі-ұсақты 5 мыңға жуық мал бар.   

Алданыш Әменов, ауыл тұрғыны:

- Мал су іше алмай, ауыл қатты қиындық көріп отыр. Енді осы тоғанды ауыл болып, жол жасағандай қолға алып, жасамақшы болып жатырмыз. 

Ауыл жанындағы бұл тоған 1984 жылы салыныпты. Содан бері қараусыз жатқан. Тек 2014 жылы коммуналдық меншікке өтті. Ал екі жыл бұрын тасқын дамбаны бұзып, тоғандағы судың барлығы ағып кеткен.

Сайлау Әбеков, Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы:

- Жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, 2018 жылдан бастап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Шамамен 5-6 миллионға жуық қаражат кетеді деп жобалап отырмыз. Себебі су тасқыны кезінде көп аумақты шайып кетті. Шамамен 300 метрге жуық жерді шайып кетті. 

Аудан басшылары тоғанды жөндеу үшін қаржы көздерін іздеп жатыр. Бірақ ауыл жұрты оны күтпейміз дейді. Жақын күндері жөндеуге кіріспекші. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы