427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көксу ауданындағы алты мектеп штаттық режимде жұмыс істейді

  • 326
  • UPD: 21:39, 04.08.2020

Алматы облысының Көксу ауданындағы 25 мектептің алтауы жаңа оқу жылында штаттық режимде жұмыс істейтін болады, хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – оқушылар саны 60-тан аспайтын шағын мектептер. Ауылдарда интернет баяу жұмыс істейді. Сондықтан карантинге қарамай, балалар мектепке баруға мәжбүр.

Ал, аудандағы мектептерде кезекші сыныптар ашылады. Оларға негізінен бастауыш сынып оқушылары барады.

Көксу ауданына қарасты Балпық би кентіндегі Құрманов атындағы №2 мектептің кітапханасы биыл жаңа оқулықтармен толықты. Оқушылардың бәрін бірдей қамтамасыз етуге 20 мың кітап қажет екен.

Мәлік Оразахунов, Көксу аудандық білім беру бөлімінің әдіскері:

- Оқулықтармен қамтылу жұмыстары жүріп жатыр. Бізде 11 баспамен келісімшартқа отырғанбыз. Тасымалдаушы «Қазпоштамен» келісімге отырдық. Ол оқулықтарды біз мектеп кітапханашыларына таратып болдық. Қалған кітаптарды біз уақытымен 25 тамызға дейін таратып, оқушыларды түгелдей 100% оқулықпен қамтимыз.

Бұл мектепте оқушылар саны мыңнан асады. Бірінші сыныпқа биыл 100 бала қабылданады. Мектеп директорының айтуынша, ата-аналардың жартысы балаларының мектеп қабырғасында білім алғанын қалайды.

Нұрилә Әлімбаланова, мектеп директоры:

- Бізде кезекші 4 сынып болады. Бірінші сынып оқушыларын қамтығалы отырмыз. Оның өзі ата-аналардың шешіміне сай жүзеге асады. Балаларының мектепте білім алғанын қалайтын ата-аналар бар. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Жалпы Көксу ауданында 25 мектеп бар. Оқушылар саны 7,5 мыңнан асады. Аудандық білім беру бөлімі мамандарының айтуынша, балалардың негізгі бөлігі қашықтан оқитын болады.

Гүлбаршын Жексембекова, Көксу аудандық білім беру  бөлімінің бас маманы:

- Аудандағы барлық мектептерде толық 100%-ке қамтылған. Жылдамдығы жақсы. Енді ауылды елді мекендерде, біраз ауылдарда интернет жылдамдығы төмен. Қазір бізде жалпы ауданда 7643 бала жаңа оқу жылын бастайды деп отырмыз.Оның ішіндегі жаңағы 6 ауылда интернет жылдамдығының төмендігіне байланысты ол мектептерді штаттық режимде оқытамыз.

Бұдан бөлек, ауданда 2 мың оқушыға компьютер қажет. Қазір оларды техникамен қамтамасыз ету ісі басталып кетті. Компьютерлердің алғашқы 60 данасы әкелінген. Қалғаны жаңа оқу жылы қарсаңында келеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Гүлнар Жантасова, Жеңіс Әбдірешов

Хабар 24 телеарнасы