389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкектегі қуыршақтар театры фестиваліне қазақстандық өнер ұжымдары қатысты

  • 840
  • UPD: 09:14, 29.05.2017

Жасанды кейіпкерлер, шынайы драматургия.

Бішкектегі халықаралық қуыршақ өнері фестиваліне Қазақстанның, Ресейдің және Өзбекстанның театр ұжымдары қатысып жатыр. Салтанатты шара Кеңес дәуірінде қуыршақ өнерінің негізін қалаушылардың бірі Виктор Швембергердің 150 жылдығына орай өткізіліп отыр.

Үш күн ішінде 9 қойылым. Бішкектегі қуыршақ өнері фестивалінің бағдарламасы осындай. Алайда бұл қойылымдар тек балаларға ғана емес, ересектерге де арналған. Алматының мемлекеттік қуыршақ театры белгілі орыс жазушысы Антон Чеховтың шығармасына негізделген «Каштанка» пьесасын қойды. Көңілді әрі өнегелі әңгімеде такса тұқымдас күшіктің еркіндік пен қожайынға тәуелді тоқшылық арасында таңдау жасайтыны баяндалады. Басты кейіпкердің шешімі мен әрекеттері кішкентай көрермендер үшін үлгі тұтарлық дүние.       

Болат Момынжанов, қуыршақтар театрының актері:

- Оның мінезі ауыр емес, керісінше, өте жұмсақ. Әрбір адам өзіне үйреншікті емес жерге тап болғанда, өзін қолайсыз сезінетіні белгілі. Әңгімедегі басты кейіпкер де қожайыны ауысқанда дәл сондай жағдайға тап болады.

Қазақстандық актерлер бұл қойылымның балалар арасында өте танымал екенін айтады. Бұл спектакльдің қай қалада болсын көрермені көп. Қуыршақтар драматургиясының маңыздылығы туралы Виктор Швамбергердің өзі де айтқан. Кеңес дәуірінде өнердің осы саласының негізін қалаған тұлға өмірінің бір бөлігін Қырғызстанда өткізген. Ал балалардың қойылымнан кейінгі көңіл-күйі қуыршақтар театрының ғұмыры ұзақ болатынын аңғартады.

Сағида Рыскелдиева, көрермен:

- Такса итінің екі иесі болады. Араларында таңдау жасап, алғашқы иесінің қолында қалуды жөн көреді. Ал оқиға соңында бірінші қожайынның төртаяқты досына жасаған жағдайы туралы айтылады.

Айта кетейік, Бішкектегі қуыршақтар театры фестиваліне тағы бір қазақстандық ұжым қатысты. Маңғыстау облысынан келген театр жұрт назарына «Айжан әжейдің ертегілері» қойылымын ұсынды. Сахнада Мәскеу мен Ташкенттен келген шығармашылық ұжымдардың да өнерін ескерсек, қырғызстандық бүлдіршіндер үлкен рухани азыққа кенелді деуге болады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы