386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейжіңде «Абай оқулары» өтті

  • 853
  • UPD: 18:00, 21.10.2017

Қытай астанасында «Абай оқулары» өтті.

Оған Бейжіңде білім алып жатқан қазақстандық және қытайлық студенттер қатысты. Жастар ұлы ақынның қара сөзі мен өлеңдерінен үзінді оқып, көркемсөз шеберлігін паш етті. Шараның мақсаты – Абай шығармалары арқылы «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласында айтылған қазақ мәдениетін, тілі мен әдебиетін насихаттау, шетелге кеңінен таныту.

Бейжіңдегі «Абай оқуларының» басталуына санаулы минуттар қалды. Сахна сыртында Чжоу Ю дайындығын пысықтап отыр. Қазақстан орталығында бір жылдан бері тіл үйреніп жүрген қытайлық студент ақынның «Ғылым таппай мақтанба» шығармасын таңдады. Абай туралы жан-жақты оқып, ойына ой қосқанын айтады. Содан болар, қытайша есімін қазақшалап Дана дейді.

Чжоу Ю, Бейжің шет тілдер университетінің студенті:

– Бүгінгі шара әйгілі ақынды одан ары жақын тануыма мүмкіндік берді. Абай өлеңдеріне тереңдеген сайын оның қаншалықты дарынды тұлға болғанын байқаймын. Абай қазақтың ақыны, дегенмен оның өлеңдері мен қара сөздері әлем xалқына ортақ ойды жеткізеді. Сондықтан оны түсіну ешқандай қиындық туғызған жоқ. Мен қазақ әдебиеті соншалықты тартымды деп ойламаппын.

Шараға қытайлық зиялы қауым өкілдері мен жергілікті қазақ диаспорасы келді. Ал студенттер ана тілімен қатар қытайшаны да жетік меңгергенін көрсетті. Жиналған жұртшылық XXI ғасырда да Абай мұрасы өзектілігі мен маңыздылығын жоймағанын атап өтті.

Ханшайым Қарабаева, Бейжіңдегі Қазақстан орталығының жетекшісі:

– Бұндай шара әрі ел таныту болса, екінші жастарды отансүйгіштік бағытта тәрбиелеу және де шетелдегі қазақ бауырларымызға қолдау көрсету, сонымен қатар қазақ тілін үйреніп жатқан шетелдік қытай студенттерінің қазақ тіліне, қазақ халқына, қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын арттыра беретіні сөзсіз деп ойлаймын.

Жанар Тоқтарбай, көрермен:

– Қытайлар қаншалықты Конфуцийді сүйсе, біз соншалықты Абай атамызды сүйеміз. Бүгін кеште қазақстандық студенттер, қытайлық студенттер Абай атамыздың ұлы сөздерін бүгін келген қонақтарға жеткізді деп ойлаймын.

Абай шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылған. Ақынның қара сөздері мен поэзиясын қытайшаға белгілі жазушы Әкбар Мәжит, кәсіби аудармашы Хахуаң Жаң тәржімалаған. Бейжіңдегі орталық саябақта ұлы ойшылдың ескерткіші де бар. Шығыстағы үлкен көршімізде «Абай оқулары» жыл сайын өткізіліп тұрады.

 

Авторы: Н.Бекен

Хабар 24 телеарнасы