386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмолалық Айдана Әлімжанова Париждегі ән байқауында топ жарды

  • 594
  • UPD: 11:32, 05.05.2018

Ақмола облысының Сандықтау ауданында тұратын 13 жастағы әнші қыз Айдана Әлімжанова Францияның Париж қаласында өткен байқауда жүлделі бірінші орынға қол жеткізді.

Ауыл қызының мұндай үлкен жетістігі елді мекен түгілі барша аудан халқын таң қалдырды. «Вокалмен айналысқан 5 жылдың ішінде осындай белесті бағындыру бақ пен баптың қатар шабуы», – дейді ұстаздары.

7 сынып оқушысы Айдана Әлімжанова «Париждегі көктем» атты бұл суретті осыдан тура бір жыл бұрын салған екен. Алайда ол кезде шетелдегі байқаулар жайлы мүлдем ой болмаған. Енді, міне, осы көктемде Айдана Париж төрінде қазақ әнін әуелетті.

Ал Айдананың Францияға баруына балалар шығармашылығы үйінің ұжымы сеп болған. Шетелдік байқаулардан үнемі хабар алып отыратын ұстаздар Париждегі мүмкіндікті әнші қыздың ата-анасына жеткізген.

Лариса Еремина, Сандықтау аудандық балалар шығармашылығы үйінің жетекшісі:

- Айдананың ата-анасына Париждегі байқаудың ережелерін қағазға шығарып бердік. Басында олар сенімсіздікпен қарап, «бұл бос нәрсе» дегендей кейіп танытты. Әрине, ауылда отырған адамға Еуропадағы конкурсқа жолдама алу деген үш ұйықтаса да түсіне кіре қоймас.

Ата-анасының келісімін алған Айдана қызу дайындыққа кіріседі. Алдымен Қазақстандағы іріктеу кезеңінің гран-приін жеңіп, армандаған Парижге жол тартады. Сөйтіп 200 қатысушының ішінен суырылып алға шығады.

Айдана Әлімжанова, Балкашино орта мектебінің 7 сынып оқушысы:

- Мен Парижге екі ән дайындадым. Олар: «Қай заман» және «Туған жер». Менің таңқалғаным сол, Францияның адамдары қазақ тілін түсінбесе де, әнімді жақсы қабылдады және қол соқты. Менің арманым – Қазақстан эстрадасына қосылу, эстрада әншілеріне қосылу және басқа елдерге саяхаттау.

Франциялық тыңдарман Айдананың әніне ғана емес, алтын түстес оюмен көмкерілген көк көйлегіне тәнті болыпты. Ал мұндай ерекше костюмдерді әнші қыздың әжесі тігеді. Ол кісінің айтуынша, Айдананың әрбір байқауына бүкіл отбасымен әртүрлі салтанатты киімдер дайындайды екен.

Дәмелі Есентүгелова, А.Әлімжанованың әжесі:

- Шетелге барады дегенде, өзіміз таң қалдық. Өз қолымыздан қазақыға келтіріп киім тігіп берейік деп, өзіміздің тудың түсіне сәйкес болсын деп, өзіміздің қазақы ою-өрнектерін салып тіктік. Қазақстаннан келді деген бесенеден белгілі болып тұрады.

Талабы зор әнші қыздан ұстазы да зор үміт күтеді. Жоспарлары да айқын. Айталық, биыл шәкірті екеуі Ресейде өтетін «Голос. Дети» жобасына қатысуды көздеп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы