378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғыз елінде қазақстандық скрипкашы туралы кітап жарыққа шықты

  • 443
  • UPD: 00:13, 20.12.2018

Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаева өнер жайлы кітаптың кейіпкеріне айналды. Оның шығармашылық жолын баяндайтын басылым «Айман - алғашқы скрипка» деп аталады. Шынайы өмірден сыр шертетін кітап Қырғызстанның бұрынғы Президенті Роза Отунбаеваның бастамасымен қолға алынған жоба аясында басылып  шыққан.

Ол Страдиваридің өзі жасап шығарған скрипкада құйқылжытады. Оның таланты класиикалық әуенді сүйетін жаһан жұртын тәнті етеді. Сыңғырлаған скрипка әуенінің тазалығы мен жоғары орындаушылық шеберлігі  Айман Мұсаходжаеваны күллі әлемге танытты. Оның өнері мен өмірі туралы кітап жазған автор сахна тарланының жетістікке қалай жеткенін баяндайды.

Айман Мұсаходжаева, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

- Қарап отырсам, біріңғай жастар жиналыпты. Олар тап-таза парақ сияқты. Сондықтан жадыларына тек жақсы ақпарат жазылғаны маңызды. Біздер арқылы әр елдің өнерінен қанық болса, онда олардың таным-түсінігі тереңдей түседі деген ойдамын.

Өнер жайлы баяндалған кітаптар кейіпкерлерінің арасында Қырғызстанның халық әртісі Мұратбек Бегалиев, Ұлттық бейнелеу өнері музейінің диекторы Юристанбек Шигаев пен Кеңес Одағының халық әртісі Өзбекстанның опера әншісі Исмаил Джалилов бар. Төрт кітаптың әрқайсысы өнер тарландарының бала кезінде шығармашылыққа қалай үйір болғанын, өнер жолындағы қиындықтарды қалай еңсергенін сипаттайды. Әр басылымның түйіні бір: шынайы өмірден алынған кейіпкер талмай еңбек еткеннің арқасында күллі әлемге танылады.

Роза Отунбаева, Қырғызстан Республикасының бұрынғы Президенті:

- Өскелең ұрпақ өнердің қалай туындайтынын білуі тиіс деп санадық. Сондықтан әлемге танылған қазіргі заманның өнер қайраткерлері жайлы жазуды жөн көрдік. 

Кітаптардың мақсаты жас ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, оның киелі екенін айшықтау. Себебі күндердің күнінде осы кітапты оқыған жеткіншектердің арасынан болашақ өнер майталмандарының шығуы да әбден мүмкін.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы