382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Жас қанат-2019» жеңімпаздары анықталды

  • 269
  • UPD: 12:22, 03.06.2019
«Жас қанат-2019» жеңімпаздары анықталды inform.kz

Нұр-Сұлтанда «Жас қанат – 2019» жас орындаушылардың республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды.

Биыл жиырма сегізінші мәрте өткен байқауға елорданың атынан үш үміткер қатысса, соның екеуі мәреден озып келді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Байқау әдеттегідей Бейбітшілік және келісім сарайында үш күн бойы дүрілдеді. Осы жолы бірінші күннен барлығы 14 әнші өнер жарысына қатысты. Қазылар алқасының құрамындағы алғашқы «Жас қанаттың» лауреаты, белгілі əнші Медеу Арынбаев, осы байқаудан қанаттанған Маржан Арапбаева, Мəдина Сəдуақасова, Қайрат Баекенов секілді танымал әншілер, «Астана Опера» театрының хормейстері Ержан Дəуітов, композитор Серік Еркімбеков, композитор-мультинструменталистЕділ Құсайынов, профессор Раиса Мұсақожаева, "Kazakh TV" телеарнасының халықаралық ақпарат бөлімінің меңгерушісі, тележүргізуші Лəззат Шатаева, байқаудың негізін қалаушы, продюсер Мұрат Ерғалиев оларға баға берді.

Қорытындысында финалға бес үміткер шықты. Олжас Оспан (Семей) және Ақерке Көпжасарова (Нұр-Сұлтан) байқаудың дипломанттары атанды. Үшінші орынға тиесілі «Қола қанатты» Əділ Балтабаев (Көкшетау) иеленді. Екінші орын үшін берілетін «Күміс қанатты» Жанболат Ұзақбай (Нұр-Сұлтан) жеңіп алды. Бірінші орынды – «Алтын қа­натты» иеленген Дидар Әбдухалық (Шымкент) байқауға биыл жаңадан қосылған «Мистер Жас қанат» аталымында да топ жарды.

Бұған қоса, «Астана» радиосы Жанболат Ұзақбайға бір жылдық тегін ротация сыйлады. Ақерке Көпжасарова «Хабар» агенттігінің Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін арнайы жүлдесін иеленді. Айжан Дəукенова (Өскемен) жəне Айым Имашеваға (Семей) Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының жүлдесі тапсырылды.

Хабар 24 телеарнасы