385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық жас әнші италиялықтарды таңдай қақтырды

  • 356
  • UPD: 09:53, 09.08.2019

Қаршадай қыз павлодарлық Алина Күлбаева халықаралық телевизиялық ән байқауының гранд-финалына жолдама алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әлемнің дарынды жеткіншектері тәуекел етіп, бақ сынаған конкурстың іріктеу туры Италияның Скала қаласында өткен еді. Сол уақытта қазақ қызы шырқаған ән Италияның радиостанциялары арқылы бір ай бойы таратылды.

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Демалысқа қарамастан Алина оқытушыларымен қауышып, сүйінші сұрасты. Кішігірім дайындық сабаққа да қатысты.

Халықаралық байқаудың іріктеу турында Алина Италияның танымал опера әншісі Энрике Корузоға арналған шығарманы орындап, өнерсүйер қауымды тәнті етті.

Эльвира Кощук, музыкалық колледж директорының орынбасары:

– Танымал әуенді орындау бала үшін оңай емес. Біздің талантты жеткіншектер халықаралық байқаулардың шыңын бағындырса, біз қуанымыз. Оларды мақтан етеміз. Алина – арпа ішіндегі бір бидай. Еңбекқорлығына таң қаламыз. Музыка десе, жанын береді.

Алина Күлбаева, халықаралық байқаулардың жүлдегері:

– Сахнаға шыққанда бойымдағы қобалжу тез басылады. Өмірімді әнсіз елестете алмаймын. Байқауда мен сияқты дарындылар көп болды. Десе де оларға дес бермей, елімді Еуропаға таныттым. Бұл мен үшін үлкен абырой. Бүгінде әлемге танымал жерлесіміз Мария Мудрякқа ұқсағым келеді.

Кәрі құрлықта өткен халықаралық байқау Алина бағындырған белестердің бірі ғана. Кастингке арналған жанды дауысты ән дәл осы бөлмеде жазылыпты. Ән десе ішер асын жерге қоятын ол жеті жасынан бері ондаған халықаралық конкурстарға қатысқан. Десе де Италияда өткен байқаудың орны бөлек.

Алинұр Күлбаева, анасы:

– Итальяндар – әнші халық. Байқауларға келген балаларымызды көргенде қызыға да, қызғана да қарайтыны сондықтан. Себебі талантты жеткіншектер өте көп. Қызым сахнаға шыққандағы сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алина «Памяти Корузо» әнін таңдады. Бала үшін күрделі шығарманы орындау оңай емес.

25 жылдық тарихы бар байқаудың ақтық сыны қазан айында өтеді. Байрақты доданың талабы бойынша әндер итальян тілінде орындалуы шарт. Қазіргі уақытта Алина тыңғылықты дайындық үстінде. Шет тілін меңгеруді де мақсат етеді.

Серік Күлбаев, Алина Күлбаеваның әкесі:

– Ән айтпайтын қазақ жоқ. Қазақ халқы әнші. Ата-анамыз айтушы еді қазақ әндерін. Баламыз сол ата-анамызға ұқсап кеткен. Болашағы бар бала деп ойлаймын.

Павлодар музыкалық колледжі 60 жыл ішінде Қазақстанды әлемге танымал өнерпаздардың талай толқынын өсірді. Бүгінде оқу орнынан түлеп ұшқан жастар халықаралық сахналарда қазақ елінің намысын абыроймен қорғауда.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы