387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Барлығы балалар үшін: «Астана Опера» қыркүйек айына қойылымдар кестесін жариялады

  • 95
  • UPD: 11:10, 12.09.2019
Барлығы балалар үшін: «Астана Опера» қыркүйек айына қойылымдар кестесін жариялады Елорда.инфо

 «Астана Опера» театры қыркүйек айында қоятын қойылымдарын жариялады, деп хабарлайды Елорда Инфо театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

15 қыркүйек күні сағат 12:00-де «Театрға саяхат» топтамасынан «Музыка бейнелейді және әңгімелейді» атты балаларға арналған концерт өтеді.

Жарқын фантазия балаларға дыбыстар арқылы берілген бейнелерді көз алдарына жеңіл елестетуге мүмкіндік береді. Жоба авторы, музыкатанушы, концерт жүргізушісі Маржан Жәкенова кішкентай театрқұмар жандарға аспаптардың мүмкіндіктері туралы көптеген қызықты мағлұмат бере отырып, сазгерлердің қандай музыкалық бояулармен өздерінің «картиналарын» салатындығы жөнінде сыр шертеді. Классик композиторлардың көрнекі де бейнелі бастамасы бар шығармалары, атап айтқанда, Е.Брусиловскийдің «Піл мен Моська», Н.Римский-Корсаковтың «Араның ұшуы», М.Мусоргскийдің «Қызылшақа балапандардың балеті», Й.Гайднның «Сағат» симфониясынан үзінді және т.б. шырқалады. Бағдарламаға «Астана Опера» театрының опера солистері, оркестр әртістері мен Камералық оркестрі қатысады. Дирижер – Руслан Баймурзин.

Концерт экран арқылы құммен салынатын суреттермен сүйемелденетін болады.

19 және 20 қыркүйек сағат 19:00-де «PICCOLO» Камералық театры шығармашылық жобасының аясында Джоаккино Россинидің бір бөлімді «Жібек саты» опера-фарсы ұсынылады. Атақты композитор 20 жасында венециялық Сан-Моизе театрына арнап, Дж.М.Фоппаның либреттосына керемет күлдіргі операны жазады.

Дж.Россини өзінің тамсанысын бір-біріне ғашық жас жұбайлар Джулия мен Дорвильдің жалыны мен тапқырлығы арқылы білдіреді, ерлі-зайыптылардың арақатынасы әзірше құпия болуы тиіс. Әр түні жас күйеу әйелінің терезе арқылы түсірген жібек сатысымен оның бөлмесіне көтеріледі. Қиылған неке жайында ешбір хабары жоқ Джулияның қамқоршысы Дормонт қызды Бланзакка күйеуге бергісі келеді. Үнемі түсініспеушіліктер мен ыңғайсыз жағдайлар артып, соңында бақытты шешім табылады.

Басты партияларды «Астана Опера» солистері орындайды: 19 қыркүйек күні Джермано бейнесін Сүндет Байғожин сомдаса, 20 кыркүйекте осы рөлдің өзіндік интерпретациясын алғаш рет шақырылған солист Азамат Жылтыркөзов ұсынады. 19 қыркүйекте Лючилла мен Бланзак партияларында Татьяна Вицинская мен Ержан Саипов дебют жасайды, 20 қыркүйек күні сахна төріне Салтанат Мұратбекова мен Евгений Чайников шығады. Джулия – Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова; Дорвиль – Жан Тапин; Дормонт – Рамзат Балакишиев, Руслан Совет. «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетеді. Қоюшы режиссер – Алла Симонишвили (Италия). Сценография, костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа (Италия). Концертмейстерлер – Елена Сахно, Жанар Ахметова. Жоба үйлестірушісі – Маржан Жәкенова.

22 қыркүйек күні сағат 12:00-де Тілеуғазы Бейсембектің «Самұрық келген таң» атты музыкалық ертегісі орындалатын болады. Туындыда Самұрық деген ғажайып құсты іздеуге шыққан Айдар мен Айжанның қызықты оқиғалары баяндалады. Ержүрек қаһармандар мен олардың сенімді серіктерін таңғажайып «Мәңгілік ел» күтеді.

Музыкасы мен либретто авторы – сазгер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Тілеуғазы Бейсембек. Қойылым VII республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауының «Балалар аудиториясына арналған драмалық шығарма» аталымы бойынша I сыйлық лауреаты атанған. Қоюшы режиссер – Еренбақ Тойкенов, дирижер – Руслан Баймурзин. Балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, жауапты концертмейстерлер – Раушан Бескембирова, Меруерт Жекенова. Жоба жетекшісі – Маржан Жәкенова.

29 қыркүйекте сағат 12:00-де «Балалар театрға шақырады» концерті өтеді. «Астана Опера» балалар театрлық студиясының әртістері хор және балет студиясының жеке әрі ұжымдық нөмірлерін орындайды. Хормейстерлер – Алтынғаным Ахметова, Әйгерім Макибаева. Концертмейстерлер – Ирина Кургузкина, Эльмира Сұлтанғазина. Хореограф – Әмина Әлиева.

2013 жылы театрдың ашылуымен бірге Балалар театрлық студиясы да өз жұмысын бастады. Студияда тәлім алатын жас өрендердің өнерге деген қызығушылығы мол, сахналық дарыны мен музыкалық қабілеті бар. Олар ересек әртістермен бірге концерттік бағдарламаларға, сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», «Турандот», Ж.Бизенің «Кармен», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», М.Жаррдың музыкасы мен Р.Пети хореографиясындағы «Париж Құдай Анасының соборы» сынды опера және балет қойылымдарына қатысады. Бүгінде ең жас тәлімгерлер 7 жаста, ал студияның алғашқы түлектері Қазақстанның, алыс-жақын шетелдің шығармашылық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы