389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысының Кенжекөл ауылында мәдениет үйі ашылды

  • 192
  • UPD: 22:14, 03.10.2019

Павлодарға іргелес жатқан Кенжекөл ауылында жаңадан салынған мәдениет үйі қолданысқа берілді. Он мыңнан астам тұрғыны бар үлкен ауыл үшін бұл көптен күткен қуаныш еді.

Қала құрамына кіретін елді мекенде осы уақытқа дейін мәдениет ошағы болмапты. Қазіргі заман талабына сай етіп салынған еңселі ғимараттың ашылуына халық көп жиналды.

Кенжекөл жылдан жылға үлкейіп,  халық саны артып келе жатқан іргелі ауылдардың бірі. Қалаға жақын орналасқан. Енді  кез келген  өнер ұжымын Мәдениет үйіне шақыруға болады. Мұнда заманауи жабдықталған 300 орындық концерт залы, үлкен экранмен жабдықталған сахнасы бар. Ауылдың өзі де өнерлі жастардан құр алақан емес. 

Қапиза Сәдуақасова, музыка мектебінің мұғалімі:

- Осындай ғимараттың ашылғанына біз шексіз қуаныштымыз. Енді береріміз де көп, аларымыз да көп. Мен айтар едім осы музыка мектебінің арқасында осы ауылдың бір 70 процент жастары домбыра шертуін біледі. Басқа аспаптарды да ойнай алады. Бұрын кішкентай ғана қарапайым клуб болды. Әрине ол кезде халық сыйған жоқ оған. 

Жалпы аумағы 1400 шаршы метр болатын ғимараттың құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталды. Әкімшілік шаруашылық және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелері бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығына да орын қарастырылған. Қазіргі кезде 14 адам жұмыс істеп жатыр. Келешекте вокалдық хор орындаушылар және көркемөнерпаздар ұжымын құру жоспарланып отыр. 

Сандуғаш Асаубаева, мәдениет үйінің директоры:

- Енді біздің залымызда кез келген әртістер, кезкелген ұжымдар,театр ұжымы болса да, әншілер болса да өз концерттерін қоя алады. Болашақта біз өзіміз үлкен іс-шараларды осында өткізуді жоспарлап отырмыз. 

Облыс әкімдігі  мекемеге  музыкалық аспаптар мен сахналық киімдер алуға 3 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Мәдениет үйінің айналасына ауылдың құрметті азаматтары, жергілікті билік өкілдері мен мектеп оқушылары қарағай көшеттерін отырғызды. Атап өтерлігі бұл күні ағаш отырғызу шарасы облыс бойынша барлық білім ордаларында өткізілді. 

Аида Санатхан, оқушы:

- Біздің ауылымыз әдемі, міне мәдениет үйіміз де ашылды. Сабақ біткен соң осында келіп үйірмелерге қатысатын боламыз.Талдар отырғыздық. Осы талдарға қарай ауамыз да тазарады. Ауылымыз қаланың жанында соның да бір жақсылығы бар. 

Өткен жылы осындай Мәдениет үйлері қалаға жақын орналасқан Ленин, Жаңа ауыл және Теміржолшылар кентінде ашылған болатын. Халықтың рухани байлығын арттырып,  келер ұрпақты отансүйгіштікке  тәрбиелейтін өнер ордасы - ауыл үшін аса қажет нысан.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы