388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театры Санкт-Петербургте өнер көрсетті

  • 172
  • UPD: 23:41, 22.10.2019

Ресейдің мәдени астанасы Нұр-Сұлтан қаласының бас театрын қошеметтеп қарсы алды.

«Астана Опера» Санкт-Петербург көрермендеріне Россинидің «Жібек сатысы» опера-фарсын ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнер ұжымының гастролі камералық операның IV халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылып отыр. Петербург театрының көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров труппамызды жылы қарсы алды. Өйткені ресейлік режиссерді «Астана Операмен» ұзақ жылдық достық пен ынтымақтастық байланыстырып отыр.

Юрий Александров, «Санктъ-Петербургъ опера» мемлекеттік камералық музыка театрының көркемдік жетекшісі:

- Фестиваліміздің басты мақсаты – жергілікті көрермендер білмейтін музыканы көрсету. Сол себептен, «Жібек сатысы» өте маңызды спектакль. Бұл ұлы Россини болғандықтан, оған лайық музыкалық мектеп, мінсіз режиссерлік тіл, керемет италиялық операға тән бүкіл дүние сай болуы керек. Менің қымбатты қазақтарым осындай күрделі туынды әкелгені олардың дамып жатқанын көрсетеді, бұған қатты қуандым.

Қазақстандық театрдың «Жібек сатысы» қойылымын таңдауы кездейсоқ емес. Джоаккино Россини бір актілі опера-фарсын 20 жасында Венециядағы Теат ра Сан-Моизе үшін жазған.

Жан Тапин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Россини музыкасы оңай емес екенін айту керек. Оны аджилит техникасымен орындайтын арнайы әншілер бар. «Севилья шаштаразымен» салыстырсақ, Еуропада оны күн сайын орындамайды. Бейтаныс музыка болғандықтан, алдымен біз оны тыңдап, дағдыландық. Ал таныса бастағаннан кейін өздеріміз де жанданып кеттік.

Басты партияларын «Астана Операның» жетекші солистері Жанат Бақтай, Жан Тапин мен Азамат Желтірғозов орындаған. Камералық оркестрді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абзал Мұхитдинов басқарды.

Петербург жұртшылығы қазақстандық әртістерді асыға күтті. Билеттер тіпті бір ай бұрын сатылып қойды. Өнерпаздардың бағдарламасы көрермен көңілінен шыққаны сөзсіз. Өйткені қойылымнан соң қалың жұрт оларды ду қол шапалақтап, қайта сахнаға шығарды.

Олег Флеер, Санкт-Петербург музыкалық комедия театрының актёрі:

Браво әріптестер! Құттықтаймын, Санкт-Петербург сіздерге қошеметпен қол шапалақтап отыр. Осында келіп, өздеріміз үшін осындай керемет опера ұжымын ашқанымызға ризамыз.

Өнер ұжымының гастролдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтті. Ал 9-10 қараша күндері «Санктъ-Петербургъ Операның» шығармашылық ұжымы Нұр-Сұлтанға келеді. Олар тұңғыш рет «Астана Опера» сахнасында әлемдік опера өнерінің жауһарлары – Вердидің «Риголетто» мен Бизенің «Інжу іздеушілері» қойылымдарын көрсетеді .

Авторы: Зарина Мұхамедәлі

Хабар 24 телеарнасы