375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түрік ғалымдары: Түркия университеттеріне Абай дәрісін енгізу қажет

  • 269
  • UPD: 21:02, 09.01.2020

Қазақ жұрты біртуар перзенттерден кенде емес. Бірақ солардың ішінде хакім Абайдың орны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі мақаласында ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай отырмыз деді.

Данышпан ақынды тұлға ретінде танып, шығармаларымен етене танысқан аз елдің бірі – Түркия. Бауырлас ел Абай мұқым түркі жұртының ортақ тұлғасы деп есептейді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Түбі бір түркі елі үшін хакім Абайдың орны ерек. Түркиялық оқырмандар ұлы ақынның шығармаларымен етене таныс. Бұған дейін Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен бірқатар жинағы түрік тілінде жарық көрген. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі мақаласымен Анадолы елінің ғалымдары да танысты, жазылған әрбір ой мен ұсынысты қолдады.

Йакуп Өмероғлұ, Еуразия жазушылар одағының төрағасы:

– Абай – қазақ мәдениетінің қазынасы. Бұл тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай брэндін қалыптастыру идеясына Еуразия жазушылар одағы ретінде қолдау көрсетеміз. Мемлекет басшысының пікірі өте орынды. Себебі әлемде қазір дамыған мемлекеттер көп. Бірақ оларды жұрт біле бермейді. Мәдениеті мықты болған ел әрқашан құрметтеліп, ұлықталады. Сондықтан қазақ бауырларымыздың бұл бастамасы керемет.

Экрем Айан, абайтанушы:

– Бүгінде ұлы ойшылды елімізде тек қана ғалымдар мен қоғамдық қайраткерлер таниды. Абай және оның шығармаларын зерттеп, саралағандар өте аз. Абай Құнанбайұлын елімізде таныту ақындық тұстарымен қоса философиялық дүние танымын паш етуіміз қажет. Өйткені қазіргі заманда ғылым мен дүние танымның маңызы зор. Сондықтан Абайдың пікірлері мен көзқарасы бүгінге сай келіп, тіпті айтылмай жүрген мәселелерге жауап іспеттес. Түркияда Абай және оның шығармаларын таныту үшін ең алдымен жоғарғы оқу орындарындағы тюркология, мемлекеттік басқару, әдебиет және философия мамандықтарында дәріс ретінде енгізуіміз қажет.

Түркиядағы отандастарымыз үшін Абай мектебінің орны айырықша. Себебі оқу ордасының тұсау кесерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қиып, Түркиядағы қазақтардың қамқоршысы екенін көрсетті. Бүгінде Абай мектебінде 500-ден астам оқушы білім алады. Оның дені – жергілікті қазақтар. Сондай-ақ мектеп қабырғасында қазақ ұлттық би үйірмесі жұмыс істейді.

Мелек Гүл Эйгүн, Абай атындағы мектеп директоры:

– Мектепке 2003 жылы Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Неге Абай деп аталды? Өйткені Ыстамбұлдағы Зейтинбурну шағын ауданының басым тұрғындары қазақ диаспорасынан құралған. Сондай-ақ мектебімізде оқитын оқушылардың 40% – қазақтар. Сол себепті мектептің қазақ ақынының атымен аталуы заңды.

«Әлемді нышандар мен белгілер билейді» демекші, Абайдың ескерткіші Түркияның төрінде де менмұндалап тұр. Ыстамбұлдағы Абай мектебіне орнатылған ескерткішке 16 жыл болыпты. Осыған байланысты Түркиядағы еліміздің елшілігі оны қайтадан жөндеуден өткізіп, алдағы күндерде салтанатты рәсіммен ашуды жоспарлап отыр.

Хабар 24 телеарнасы