424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Біздің сүйікті дәрігер» фильмі арқылы танылған Юрий Померанцев 97 жаста

  • 679
  • UPD: 22:50, 11.02.2020

Аңыз адам, сахна саңлағы Юрий Померанцев 97 жаста, деп хабарлайды «Хабар 24».

Театр және кино актері, кәсіби режиссер көрерменге «Иван Грозный», «Біздің сүйікті дәрігер», «Атамекен» фильмдері арқылы жақсы таныс. Актерлік өнерге өмірінің 77 жылын арнаған Юрий Борисович жасы ғасырға жуықтаса да, сахнадан әлі түскен жоқ. Кеше ғана Лермонтов атындағы драма театрда ол мистер Гринді сомдап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

«Мистер Гринмен кездесу» спектаклі сахнада 75 рет қойылған. Жаңа қойылымында жас кейіпкерді ойнайтын актер ауысыпты. Росстың рөліне келген Владислав Букаткин көрермен көзайымы болған спектакльге тың серпін беруді ойлап, Померанцевқа ұсыныс жасаған.

Владислав Букаткин, М.Лермонтов атындағы театрдың актері:

– Мен Юрий Борисовичке келіп, «Бізді көрермен бұрынғы ойнаған актерлармен салыстырады. Сондықтан спектакльді жаңаша жасайық» дедім. Юрий Борисовичтің бірден көзі жарқырап кетті. Оның құлшынысына мен өзім таңғалдым. Балаша қуанып, «қайшылыққа толы, жаңа бағытта жасасақ қалай болады» деп ұсыныс білдірді. 

Осылайша «Мистер Гринмен кездесу» қайта сахналанды. 86 жастағы жесір шалдың рөлі Юрий Борисовичке арнайы жазылғандай әсер қалдырады. Актер мен кейіпкердің бір образда үйлесім тапқаны соншалық, көрермен көңілінде Померанцевтың тағы бір бейнесі жатталып қалды.

Сергей Попов, М.Лермонтов атындағы театрдың режиссері және актері:

– Владислав Буткинмен бірге ойнаған сәтін қараңызшы. Бұл жолы спектакль 10-15 минутқа ерте бітті. Мен бұған таңғалдым. Бұрын іркіліс, үзілістер көп болатын. Актер соның бәрін алып тастап, көрерменге оқиғаны түйдек-түйдегімен, үздіксіз жеткізді. Өте жақсы шықты.

97 жаста болса да, Юрий Померанцевке мәтінмен жұмыс жасау қиындық тудырған емес. Жаттап та алмайды. Мэтрдің өзінің айтуынша, сөздің мәніне терең үңілсе, сол жеткілікті. Алайда «терең үңілемін» деп, ыңғайсыз жағдайға қалғаным бар дейді актер. 1956 жылы оны «Даладағы қайыңдар» фильміне эпизодтық рольге шақырады. Ол асханада шай ішіп отыруы керек еді. Көркемдік кеңес отырысында актер өзі туралы ұнамсыз пікірді естіп қалады.  

Юрий Померанцев, қазақ ССР-НІҢ халық әртісі:

– Есіктің сыртында тұрып, «асханада шай ішіп отырған кім?» деп сұрап жатқанын естідім. «Лермонтов театрының актері» деп жауап берді сол жерде отырғандардың біреуі. Артынша, «мүлде киноның адамы емес, тым ойнақы. Қажеті жоқ, басқа біреуді алыңыздар, немесе, бұл эпизодты мүлде кесіп тастаңыздар» деді.

Осыдан кейін актер өзі үшін кино әлемінің есігі біржола жабылды деп ойлады. Алайда аз уақыттан соң Шәкен Айманов телефон соққаны. Атақты режиссер оны «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі басты рөлге шақырды.

Юрий Померанцев, қазақ ССР-НІҢ халық әртісі:

– Әрине, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Алдыңғы сәтсіздіктен кейін кинодағы менің шығармашылық жолым қалай болатыны белгісіз еді. Шәкен Айманов маған сенім білдірді.

«Мистер Гринмен кездесу» аяқталды. Көрермен алдына шығатын сәт... Қарапайымдылығын жоғалтпаған сахна саңлағы көрермен қошеметіне жас актерді икемдеп, өзі сахна сыртына беттеді. Табиғи таланты мен өнерге адалдығын аңғартқан актер сүйікті көрермендерінің алдында тағы да биіктей түсті...

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Алма Оразбаева, Ерлан Шалбаев, Сержан Жумабаев

Хабар 24 телеарнасы