432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда театрлар жұмысын бастайды

  • 99
  • UPD: 11:25, 07.10.2020

Алматыда көптен күткен жақсы жаңалық! Осы аптада шаһардағы барлық театрлар жұмысын бастайды. Жарты жыл бойы бір де бір қойылымды сахнаға шығара алмай отырған өнер ордаларының өз көрермендерін сағынғаны сөзсіз. Десе де, адам көп жиналатын қоғамдық орын болғандықтан театр  залдарына сыятын көрерменнің тек жартысын ғана қабылдай алады.

Абай атындағы опера және балет театрында дайындық қызу. Шығармашылық топ «Анна Фринкенің күнделігі» спектакліне әзірлікті пысықтап жатыр. Кеше соңғы дайындық өтті. Әлемнің 70-тен астам тіліне аударылған қойылымның премьерасы жақын күндері болады. Қазір мұнда санитарлық тазалық әрі сақтық шаралары жасалуда. Жалпы үлкен залға 800 адам сыйғанымен карантин талабы бойынша 400 көрерменге ғана билет сатылады. 

Ая Қалиева, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры:

- Әрбір көрермен әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек. Залға кіреберіс есіктерде санитайзарлер орнатылған. Ал көрермендердің арасында бос орындар қалдырамыз. Талап солай. Ал театрдың ашылуын «Ұлы Абайға тағзым» атты концертпен бастаймыз. 

Абай мұрасын Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры да жаңа қырынан танытпақ. Бір аптадан кейін есігін айқара ашатын өнер ордасында ойшылдың шығармалары мен өнегелі өмірі арқау болған екі жаңа қойылым көрсетіледі. Қазір көрермен отыратын үлкен және кіші залда санитарлық  сақтық шаралары жасалып жатыр.

Еркін Жуасбек, М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының директоры:

- Қазір міне бүкіл санитарлық талаптардың барлығын  жүзеге асырып жатырмыз. Осы театрға келген көреремен ауырып қалмаса екен. Ең бастысы, біз үшін бұл халықтың денсаулығы ғой. Сондықтан қазіргі таңда барлық келген көрермен бетпердемен келсе деген әңгімені құлаққағыс етіп жатырмыз. Тіпті ондай болмай қалған жағдайда өзіміздің қол астымызда дайын тұрсын деген ниетпен көп партиямен оны сатып алып қойдық.

Алмас Садуақас, тілші:

- Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры өзінің 95 маусымын «Абайдың жұмбағы» атты қойылыммен бастайды. Ұлы ойшылдың өмірі мен болмысына арналған жаңа премьера 15 қазан күні яғни театрдың ашылуында кешкі сағат 18:30-да көрсетіледі.

Авторлар: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы