420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» арнасында «Теміртас» тарихи драмасы көрсетіледі

  • 119
  • UPD: 21:47, 21.12.2020

Ертең «Хабар» телеарнасында кешкі сағат 21:40-та «Теміртас» тарихи көп сериялы фильмі басталады.

Жаңа туынды өткен ғасырдың басы мен ортасында қазақ халқының басынан өткен қилы кезеңін қамтиды. Драматург Әкім Таразидің «Андрей» атты эссе-әңгімесіндегі Манана есімді медбикенің бейнесі, телехикая сюжетіне арқау болған. Фильмдегі оқиға желісі «Жас тұлпар» ұйымын құрушыларының бірі – Мұрат Әуезовтің естеліктері арқылы өрбиді.

Телехикая XX ғасырдың 60-жылдары Мәскеудегі күтпеген кездесуден басталады. Андрей деген студент курстасы қазақ жігітін өзінің әпкесі Мананамен таныстырады. Осы сәтте бойжеткен қатты қобалжып, өзінен өзі кешірім сұрай бастайды. Манана 30-жылдардың басында арнайы тапсырмамен Қазақстанға келген медбике екен. Оның баяндауымен қазақтарға құпия укол салып, қолдан жасалған геноцидтің біз білмейтін беймәлім сырлары ашылады.

Балтабай Сейітмамытұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер-режиссер:

- Фильмнің мағынасы 1928 жылғы қазақтың басына келген нәубет қой. 1982 жылғы конфискация. Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын деген Голощекиннің кезіндегі сол бір аша тұяқ қалдырмай жеп отырған. Қазақ ол кезде бидай жемеген.

Телехикаяда бір ауылдағы қасірет арқылы күйзелген қалың жұрттың тағдыры көрініс табады. Алаш қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешевтердің халқы үшін қан жұтқан сәттері бейнеленеді. Актерлер кейіпкерлерді ашу үшін тыңғылықты дайындалғандарын айтады.

Бейбіт Қамаранов, актер:

- Дайындықсыз болмайды. Өйткені ол 30-жылдардағы Қазақстан болса, енді оның тарихын оқымай, ары-берісін білмей, образды сомдау ол актер үшін кешірілмес деп есептеймін.

Айтар ойы салмақты, 16 бөлімнен тұратын «Теміртас» тарихи фильмі ертеңнен бастап 21:40-та «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Шапағат Қуатбекова

Хабар 24 телеарнасы