384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құрбан айт мейрамын Күнгей жұрты қуана қарсы алды

  • 1085
  • UPD: 19:26, 01.09.2017

Иісі мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мейрамын Күнгей жұрты да қуана қарсы алды.

Таңнан тұрып, сап түзеп, намаз оқыды. Аллаға сансыз шүкіршілік етіп, құрбан шалды. Ал діни мерекенің Жамашевтар әулеті үшін маңызы ерекше. Киелі Қазығұрттың етегінде орын тепкен отбасының мүшелері түгел жиналып, үлкен үйде атап өтеді. Бұл әр мерекедегі қалыптасқан дәстүр.

Қазығұрт ауданының Жаңабазар ауылында тұратын Жамашевтар отбасы елге еңбекқорлығымен танымал. Сексеннің сеңгіріне шыққан Рахматулла ақсақал мен Патима апа 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Құдай берген немере мен шөбереден де кенде емес. Әрбір мерекеде әулет мүшелері осы қара шаңырақтан табылады. Бұл жолы да Құрбан айт мерекесін бірге тойлауды жөн көріпті.

Күздің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген діни мейрамда ниет етіліп, құрбандық та шалынды. Мұсылман баласы Алланың ризашылығы үшін құрбан шалып, жаратқан иесіне жақындайды. «Айт мерекесінде тағы бір мақсат – араздасқан бауырлардың арасын жақындату. Жетім-жесірдің ақысын беру сауап», – дейді Рахматулла ақсақал.

Рахматулла Жамашев, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы:

- Құрбан айт – біздің мұсылманның мейрамы. Халық болып тойлайтын мұны басқа ұлттар да атап өтетін мемлекеттік мейрамымыз болуы керек. Президентіміздің сөзі дұрыс: «Өткеніне, тарихына немқұрайлы қарайтын адамның келешегі бұлыңғыр» дейді. Келешегіміз көмескі болмасын, жарқын болсын!

Рухани тазалықты, ізгілік пен адалдықты ұлықтайтын Құрбан айт – мұсылмандар үшін шаттыққа бататын күн. Бұл отбасының да ауызбірлігі бекем әрі шетінен өнерлі.

Патима Жамашева, Батыр ана:

- Бұрын қариялардан естігеніміздің бәрін түгендеп айтып отырамыз. Айтты қуаныш, той қылып отырыңдар дейміз. Еш уақытта ынтымақты бұзбаңдар, тату болып отырыңдар. Бұл Айтта жақсы болады.

Шаңырағында ынтымағы мен бірлігі жарасқан әулет осылайша бұл мерекені сән-салтанатымен атап өтті.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұртатов

Хабар 24 телеарнасы