388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында жекеменшік балабақшалар көбейіп келеді

  • 549
  • UPD: 18:03, 02.09.2017

Ақмола облысының Щучинск қаласында мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетті. Бұған әсіресе аудан орталығында жеке балабақшалардың көптеп ашылуы сеп болған. Мәселен, шағын шаһарда осындай 13 нысан бар болса, соның 9-ы бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп тұр. 

Педагогика саласында 40 жылдық тәжірибесі бар Гаухар Хамзина сонау 90-шы жылдары аймақта алғашқылардың бірі болып жекеменшік балабақша ашуды қолға алғандардың бірі. Сол кезде қаладағы құрдымға кетуге шақ тұрған бөбекжайдың бірін сенімді басқаруға алып, оны аяғынан тік тұрғызған.

Гаухар Хамзина, балабақша директоры:

– Әрине ол кезде бізде меншік, жекеменшік деген ойымызда да болған жоқ. Бірақ мен өте қуаныштымын. Біз сол кезде алмаған болсақ, қазір не болатынына әрине көзіміз жетпейді. Алдағы жоспарым – осы балабақшаны одан әрі көркейтіп, алдыңғы қатардағы балабақша қалпында сақтап қалу, тағы да балабақша ашып, өркендетіп, көркейту.

Қазір бұл балабақшада 2 мен 7 жасқа дейінгі 500-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Ал 3 пен 7 жас аралығындағы әр балаға мемлекет 22 700 теңгеден қаржы бөледі. Ата-аналары болса, небәрі 12 мың теңгеден төлейді. Бөбекжайда баланы жан-жақты дамытумен қатар үш тілде білім беру де мықтап қолға алынған.

Әлия Тәшпенова, тәрбиеші:

– Мысалы, тамақ ішкен кезде біз «Ас болсын» дегенді үш тілде айтқызамыз. Балалар бұған бізге үш тілде жауап береді. Осылай біздің балаларымыз ойнап жүріп, мектепке барғанша үш тілді меңгеріп алады.

Балабақша басшылығы алдағы уақытта тағы бір жеке бөбекжайды іске қосуды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы