386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Мейірімділік» ерікті қоғамы науқас балаларға қаржылай қолдау көрсетіп келеді

  • 809
  • UPD: 13:53, 02.12.2017

Қарағандыда тұратын 8 жасар Чарос Тахированың ата-анасы Елбасына шексіз алғыс жаудырып жүр.

Оның өзіндік себебі бар. Баласы өте сирек кездесетін дертке шалдыққан еді. Оның көмейіне паппилома шығып, иммунитеттің әлсіздігінен өрши түсіпті.

Бас-аяғы 4 жылдың ішінде қаршадай қызға 26 рет операция жасалған. Чарос ұзақ уақыт бойы арнайы түтікшемен демалып келген. Амалы таусылған ата-анасы ғаламтор арқылы Оңтүстік Кореядағы клиникаға хабарласады. Бірақ онда емделуге қыруар қаржы қажет екен. Лажсыз қайырымды жандардың көмегіне жүгінеді.

Алғаш болып «Мейірімділік» ерікті қоғамы мұқтаж жанұяға қолұшын  созады. Қажетті қаражатты бөліп, шұғыл операция жасалады. Қазір бүлдіршіннің халі жақсы. Өз бетінше демала алатын жағдайға жетті. Айта кетейік, Елбасы бұдан 3 жыл бұрын Қытайға барған жұмыс сапарында осы елдің басшысы Си Цзиньпиннің қолынан «Жібек жолының» Бейбітшілік сыйлығын алған еді. Көп кешікпей, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Президент аталған сыйлықпен қоса берілген 600 мың доллларды қайырымдылық көмек ретінде еліміздегі «Мейірімділік» ерікті қоғамы мен Мемлекеттік тілді дамыту қорына теңдей бөліп берген болатын. Алғашқысы бұл қаржының басым бөлігін науқас балалардың ем-домына жұмсап келеді.

Әсел Омарова, Чарос Тахированың анасы:

– Біз жалғыз өзіміз мұндай қаржыны өмір бақи жинай алмайтын едік. Баламыз көз алдымызда нашарлап бара жатты. «Мейірімділік» ерікті қоғамы қол ұшын созып, барлық шығынды көтерді. Қазір баламның беті бері қарады. Құлан-таза сауығып кетуге болады деген үміт сәулесі оянды. Біз секілді мұқтаж жандарға қамқорлық танытқан Елбасыға аналық алғысымды айтқым келеді.

Хабар 24 телеарнасы