389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда азық-түлік бағасы тұрақты

  • 536
  • UPD: 13:38, 11.01.2018

Павлодар өңірінде әлеуметтік негіздегі өнімдердің 19 түріне тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Бұл бағаны шектен тыс көтермеуге мүмкіндік береді. Жергілікті билік пен тауар өндірушілер арасында осы мақсатта арнайы меморандум орнаған. Сонымен қатар облыс орталығында әр сенбі сайын ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылып, азық-түлік түрлері арзан бағамен сатылады.

Азық-түлік бағасы жыл сайын қыс айларында шарықтайды. Әсіресе  оңтүстік өңірлерден жеткізілетін көкөніс түрлерінің құны ет өнімдерінен кем түспейді. Былтырғы жылдың соңында облыс көлемінде екі бірдей жылыжай бой көтерді. Осының арқасында қазір қияр мен қызанақ қолжетімді бағамен сатылып жатыр.

Аля Бегалиева, сатушы:

- Өнімді Екібастұздан, Ақсудан әкеліп жатыр. Қызанақты келісін 605, қиярды 660 теңгеден сатып жатырмыз. Меморандумға сәйкес,  көкөніс өсірушілерден картоп, сәбіз, қызылша және пиязды төмен бағамен аламыз.

Әлеуметтік дүкендер соңғы кездері қайырымдылық акцияларына белсенді атсалысатын болған. Олар аптасына бір рет зейнеткерлерге  азық-түлікті тегін таратады.

Мэлс Даубаев, зейнеткер:

- Жағдайы төмен, жалақысы жоқ, содан кейін отбасында ешқандай қамқор болмайтын адамдарға осы дүкеннің ішіндегі барлық бөлім көмек көрсетеді. Адамға бірінші нан ғой керегі. Әр жұма сайын бір бөлкесі бар, сүті бар, зейнеткерлерге беріп отырады.

Мереке қарсаңында құны шарықтап кететін қияр мен қызанақ әлеуметтік санаттағы азық-түлік түрлеріне жатпайды. Сұраныс жоғары болған соң,  жергілікті билік тұрақтандыру қорын 30 тонна қияр, 25 тонна қызанақпен толтырыпты. Мамандар әлеуметтік дүкендерде бағаның осы қалпынан өзгермейтінін айтады.

Руслан Тілеулесов, Павлодар қалалық  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

- Павлодар қаласында әлеуметтік 30 дүкен бар. Оған қоса жергілікті атқарушы билікпен әлеуметтік негіздегі азық-түлік бағасын 10 пайыздық сауда үстемесімен ұстап тұру үшін меморандумға отырған сауда орындары бар. Әлеуметтік дүкендермен қоса есептегенде олардың саны 45-ке жетті.

Бағаны қымбаттатпау үшін әлеуметтік маңызы жоғары тауардың 19 түріне мониторинг жүргізіледі. Облыстың тұрақтандыру қорында 10 мың тонна картоп сақтаулы. Қосымша қант, жұмыртқа, өсімдік майы және бірқатар көкөніс түрлерімен толыққан.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы