387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығын өзгерістер күтіп тұр

  • 581
  • UPD: 21:56, 06.03.2018

Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығын өзгерістер кезеңі күтіп тұр. Биылдан бастап, жаңа ипотекалық несие бағдарламасы іске қосылады. Ұлттық банкке Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Жаңа бағдарлама бойынша, ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі төмендеп, бастапқы жарна көлемі азайып, несиені өтеу мерзімі айтарлықтай ұзарады. Ал сарапшылар қаржы нарығындағы өзгерістердің тиімділігін тарқатып айтып берді.

Қазақстанда тұрғындарға ипотекалық несие берумен екінші деңгейлі 20 банк айналысады. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі орташа алғанда 16-17 пайызды құрайды. Дегенмен,  қарыз алушылардың бәрі бірдей мұндай талапты еңсере алмайтындықтан, бірқатар банктер несие бермей отыр. Бірінші кезекте бұл алғашқы жарнаға байланысты. Статистика бойынша, осы жылдың басында 7 банк 30 пайыздық алғашқы жарнамен несие рәсімдеген. Сондықтан Президент ұсынған «7-20-25» бағдарламасы тұрғындарға тиімді, әрі кәсіпкерліктің де көрігін қыздырады. Қазіргі уақытта Ұлттық банк жаңа бағдарламаны жан-жақты талдауға кірісті.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- Біз қазірдің өзінде маңызды тұстарды анықтадық. Нақты бағдарлама түзу үшін бір екі ай уақыт керек. Бағдарлама мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асу үшін  заңнамалық өзгерістерді талқылау керек. 

Бағдарламаның экономикалық тиімділігін сарапшылар бірнеше топқа бөліп қарастырады. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының тұрғындарға ұсынар талаптарының ыңғайлылығы өз алдына, енді тұрғын үй сатып алуға сұраныс артады дейді олар. 

Нина Лукьяненко, ҚР Риэлторлар қауымдастығының вице-президенті:

- 7 пайыздық мөлшерлеме бұл өте ыңғайлы. Бұған дейін мұндай көрсеткіш болмаған. Сондай-ақ алғашқы жарнаны азайту бұл жас отбасыларға үлкен қолдау болмақ. 25 жылға ипотекалық несие рәсімдеу ай сайынғы төлемнің төмен болуын қамтамасыз етеді. 

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы:

- Президенттің шешімі үлкен әлеуметтік мағынасы бар. Мыңдаған адам осыны күтіп отырды.  СКЛ. Әлеуметтік салада істейтіндер мұғалімдер, дәрігерлер, басқа қызметкерлер. Олардың шамасы жеткіліксіз. Бұл шешім солардың бәріне үлкен мүмкіншілік туғызып отыр. 

Сарапшылар Қазақстанның тұрғын үй құрылысындағы ең қарқынды кезең деп 2017 жылды айтады. Оған серпін берген «Нұрлы жер» бағдарламасы екені сөзсіз. Соңғы 12 айда 11 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Сарапшылар жаңа бағдарлама тұрғын үй нарығын тағы бірнеше есе арттыратынына сенімді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Владимир Бовкис, Ерлан Абжанов, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы