389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде киіз үйлер фестивалі басталды

  • 700
  • UPD: 13:57, 24.05.2018

Он жылдан астам уақыттан бері өткізіліп келе жатқан бұл шара ХХІ халықтық ойындар спартакиадасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Қазір Өскемендегі ипподромға облыстың әр өңірі өз қазақ үйлерін тігіп, қала шетінде ақ шаңқан ауыл бой көтерді.

Бұл жерге тігілген әрбір қазақтың кигіз үйінің өз ерекшелігі бар. Тарқатып айтар болсам, жылда өтетін фестивальге аудан тұрғындары биыл да айрықша ықыласпен дайындалыпты. Зайсан, Абай, Ұлан, Үржар сынды алыс-жақын өңірлердің барлығынан жалпы саны 20-ға жуық үй тігілді.

Фестиваль талабына сай, әрбір қазақ үй ұлтымыздың дәстүрінен, байырғы замандағы тұрмыстық дүниелерінен толықтай ақпарат беруі керек. Сондықтан болар осы үдеден шыққысы келген фестиваль қатысушылары киіз үйлерді барынша әрлеп-безендіріпті. Құдды бір көрме залына кіргендей әсер аласыз. Үйлердің ішінен ұлттық жиһаздар мен кілем, текемет, сырмақ сынды төсеніштерді, ас-суға қажетті құралдардың барлығын тамашалап, қолыңызбен ұстап көре аласыз. Бұл аз десеңіз, әр ауданның өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашады. 5 қанатты боз үй,6 қанатты ақ үй жағалай тігілген бұл ауылдағы ең үлкен шаңырақтардың бірі – Тарбағатай ауданының атынан тігілген 8 қанатты ақ ала орда. Аудан өкілдерінің кигіз үйді әрлеуі де ерекше екен. Олар аймағымызда дамуы кенжелеп жатқан саятшылық тұрмысты дәріптеуді жөн санапты. Сондықтан бұл үйдің табалдырығын аттаған адам тек ұлттық киіз үймен ғана емес, аңшылық, саятшылық өмірге қажетті заттармен танысады. Қасқыр ішік, қақпан, қамшы, сойыл түрлерін көре алады. Тіпті олар Тарбағатайдың құмай тазысы мен қыран бүркітін де ел-жұртқа көрсетіп жатыр.

Шәкен Көпшікбаева, фестивальге қатысушы: 

- Фестиваль талабы бойынша біз і дәстүрімізді, салтымызды, бұрынғы қазақтың ұлттық ойындарын, кәсіптерін көрсетуіміз керек. Осыны пайдаланып біз облысымызда дами алмай жатқан саятшылық, аңшылық кәсіптің қазақ өміріндегі алған орнынан ақпарат берсек деп шештік. Тарбағатайда тау да бар, құз-жартас та бар, жыртқыш құстар да бар, аң да бар. Сондықтан бабадан қалған бұл бекзада кәсіпті жалғастырудың мүмкіндігі мол. Тек саятшылық деген, бүркіт баптау деген оңай нәрсе емес.

Киіз үйлер фестивалінде қандай да бір жеңімпаз анықталмайды. Ұйымдастырушылар аудан жұртының еңбектерін елеп, ешкімді бөліп-жармайық деп барлық қатысушыларға бірдей алғыс хаттар мен дипломдар табыстамақ. Аталған мәдени шара облыс әкімінің жүлдесіне арналған ХХІ халықтық спорт ойындары спартакидасы шеңберінде өтіп жатқандықтан, ақ шаңқан ауыл спорттық дода аяқталғанша осы жерде тұрады. Ендеше өскемендіктер мен қала қонақтарының тамашалауына уақыт молынан жетеді.

Авторы: Эльмира Ахметова

Хабар 24 телеарнасы