368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордада апатты жағдайдағы үйдің тұрғындары күн сайын жанын шүберекке түйіп жүр

  • 462
  • UPD: 07:39, 31.07.2018

Қызылорда қаласында апатты үйлер мәселесі толық шешілген. Бірақ жергілікті биліктің бұл дерегімен облыс орталығындағы Бәкіров көшесі 4-үйдің тұрғындары келіспейді.

1960 жылы қаңқасы ағаштан жатақхана ретінде салынған нысанды паналап отырған 12 отбасының мүшелері қаланың қақ ортасында тұрған көп пәтерлі үй тұрмыстық талапқа мүлде сай келмейді дейді.

Татьяна Давыдова, қала тұрғыны:

- Осы үйде тұрғаныма 44 жыл болды. Жұқа тақтайшадан қағылған каркас қабырғалар құлауға жақын. Су, газ, жылу жоқ. Пеш бұзылған, түтін тартпайды, оны жөндеуге 71-ге келген кемпірде не қауқар болсын?

40 жылдай құрылыс саласында тер төккен Татьяна Давыдова осы үйге қоныстанғалы бері күрделі жөндеу көрмегенін айтады. 12 отбасы мекендейтін жапсарласа салынған шағын үйде жылу, кәріз жүйесі мүлдем жоқ. Шатыры шұрық-тесік. Қабырғалары қақырап, сетінеп тұр.      

Нұржамал Жұмаділдаева, қала тұрғыны:

- Бұл үй деген шіріп тұр, 1 есікті жапсаң бүкіл үйдің есік-терезесі қозғалады. Көршілердің төбесіндегі балкалар түсіп тұр. Әрқайсымызда 2-3 баладан бар. Түнде төбемізге түсіп, балалар астында қалса бізге кім жауап береді? Мына Титовта құлады 1 үй, Аралда да құлапты, бәрін естіп отырмыз жаңалықтан. Сол бізге де келіп қалады ма деп түнде ұйықтамаймыз, құлай ма деп уайымдап шығамыз.

Узипа Тұсмағанбетова, қала тұрғыны:

- Қыста, күзде, көктемде төбесінен су ағады, асты ызаланып кетеді. Лас, адам демалуға да ауа жоқ мына жерде. Бұл 1-рет емес 3-рет апатты жағдайға құжат беріп жатырмыз. Бірақ ешқандай көмек, шешім жоқ.

Тұрғындар арызы негізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі жұмысшы топ құрылып, қаладағы бірнеше нысандарды техникалық зерделеуден өткізді. 

Марат Мырзабеков, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қызылорда қаласы Бәкіров көшесі, 4-үйді «СтройСити» ЖШС бірге №2 сараптама қорытындысын негізге алып, комиссия мүшелері жөндеуге жататындықтан апатты үйлер тізіміне енгізуге негіз жоқ деп танып, үй тұрғындарына жаңғырту аясында жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі туралы назарына жеткізілді.

Нұржамал Жұмаділдаева, қала тұрғыны:

- Біз ремонтқа келіспейміз. Жөндеуге келмейді да бұл үй. Жөндеуден кетіп қалған үй шіріп тұр. Бұл жерде адам тұра алмайды, біз амалымыз жоқ болғасын тұрып жатырмыз.

Жалпы 2013-2016 жылдар аралығында облыс орталығы бойынша 34 апаттық үй анықталып, тұрғындары жаңа баспаналарға көшірілген болатын. Аймақ басшылығы сонымен мәселе жойылды деп марқайса, Бәкіров көшесіндегі 4-үйдің тұрғындары лашығымыз ұзаққа жарасын деген тілеуде отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Осы категория бойынша: « ШҚО-да 30 мың гектардан астам суармалы жер игерілмей жатыр ШҚО шаруалары суарудың жаңа әдісіне көшуді бастады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы