374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аршалы ауданында шағын кәсіпкерлік қанат жайып келеді

  • 196
  • UPD: 08:37, 05.08.2018

Ақмола облысының Аршалы ауданында жыл басынан бері 500-ден астам адам Жұмыспен қамту орталығы арқылы екі қолға бір күрек тапқан.

Олардың 400-ге жуығы тұрақты жұмысқа орналасса, қалғаны маусымдық еңбекке жұмылдырылды. Бұдан бөлек, үй жанынан кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар да жетерлік.

Аршалы ауылының тұрғыны Мырзабек Нұрлан, осыдан 4 жыл бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 млн теңге несие алып, газоблок өндірісін бастап кеткен. Бүгінде ол 4 адамды жұмысқа алып, ауданды құрылыс материалымен қамтамасыз етіп отыр.

Мырзабек Нұрлан, жеке кәсіпкер:

– Жақында несиемді жауып бітемін. Жұмыспен қамтудың пайдасы көп. Алдағы уақытта басқа да орталық ашу ойда бар.

Ауданда Жұмыспен қамту бағдарламасының 4 бағыты бірдей қарқынды жүзеге асырылып келеді. Мәселен, жыл басынан бері жастар тәжірибесіне 16 жас маман жіберілсе, 56 жергілікті тұрғын қайта даярлау курстарынан өткен. Олардың барлығы дерлік жұмыспен қамтылды. Ал «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша 75 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыған.

Бақыт Сыздықова, Аршалы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Бүгінгі күні олардың төртеуі жалпы сомасы 11 млн теңге шағын несие алды. 15 адам несие алу үшін құжаттарын дайындап жатыр. Ал 8 адамның құжаты қазір кәсіпкерлікті дамыту қорының қарауында.

Сондай-ақ биыл ауданда ерекше бизнес жоба ұсынған 10 шақты адамға 240 мың теңгеден қайтарымсыз қаржы бөлу қарастырылған.

Ғибрат Ысқақ, Аршалы ауылының тұрғыны:

– Жұмыспен қамту орталығының арқасында 3 айлық курстан өттім. «Бастау-Бизнес» арқылы 20 күндік курсын бітіріп, бизнес-жоспар жобасын қорғап шықтым. Енді грантқа тапсырып жатырмын.

30 мыңға жуық халқы бар Аршалы ауданында қазір шағын кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. «Сондықтан мұндағы бизнес нысандарына аспаз, шаштараз, дәнекерлеуші, тігінші және басқа да жұмысшы мамандықтар ауадай қажет», – дейді, мамандар. Ал осындай кәсіпті меңгерем деген жұмыссыз азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Осы категория бойынша: « Алтайға аттанатын экспедицияны экстримге толы күндер күтіп тұр Ақтөбе облысы студент жастарды жұмыспен қамтудан көш бастап тұр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы