389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемен қаласының маңында мал сүйектері шашылып жатыр

  • 826
  • UPD: 08:11, 26.09.2018

 

Облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығының мамандары жемтікті ірі өндірістер мен ауызсу мұнарасына жақын аумақтан анықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Қатонқарағай ауданында сібір жарасынан бір адам көз жұмған еді. Індет ошағы осындай малдың өлексесі көмілген ескі полигоннан тарағаны дәлелденді.

Олжас Керейхан, тілші:

– Сиыр мен жылқының бас сүйегі бұл жерде шашылып жатқанына көп болғанға ұқсайды. Себебі кейбір сүйектер қурап, шіри бастаған. Мұндай көп мөлшердегі өлекселер өрісте жұттан немесе қасқыр шапқан кезде қырылған қоралы малды еске салады.

Ірі қараның сүйек-саяғы шашылған жер қазір қасапханаға көбірек ұқсайды. Экологтар өлекселер жатқан жерді жедел залалсыздандырмаса, түрлі індет тарауы мүмкін деп отыр. Ауа мен су, топырақ бәрі ластанады.

Елена Полянцева, облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы:

– Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бірақ көп мөлшердегі малдың өлексесін бірінші рет көрдік. Егер өлген малдың сүйектері осылай көрінген жерде шашылып жататын болса, одан жұқпалы дерттің тарамасына ешкім кепілдік бере алмайды. 

Қалалық ветеринарлық басқарма мамандары да мал сүйектері қалай шашылғанын түсінбей дал. Тіпті бұл ақпаратты журналистерден естігенде аңтарылып қалды.  

Серік Күдебаев, қалалық ветеринария және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Құйқасын сылып алып тастаған сүйектер екені көрініп тұр. Бұдан ешқандай эпизотиялық қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ өрескел нәрсе. Мұны жасап жатқан кәсіпкерлерміз. Мына қоқысты өз тарапымыздан тазалап тастауға кепілдік береміз.

Дегенмен ветеринарлар шашылған малдың бас сүйегін жойып, аумаққа тазарту жұмыстарын жүргізбек. Сүйек шашылған қорымнан адам денсаулығы мен табиғатқа келетін зиян жоқ көрінеді. Сондықтан сүйектерге зертханалық сараптама жасалмайды.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин 

Хабар 24 телеарнасы