360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында мың жарымнан аса студент жатақханаға мұқтаж

  • 163
  • UPD: 22:29, 09.10.2018

Таразда студенттерге арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар24».

Жоба Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр. Қазір бұл бағытта 1,5 гектар жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамалары бекітілді. Жаңа студенттер үйінің алғашқы іргетасын қалау рәсіміне мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Әлеуметтік нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынады. Құрылысқа жұмсалатын қаржының 50 пайызын Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті бөледі. Ал қалған бөлігін құрылыс компаниясы қарастырады. Әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға студенттік құрылыс жасағы да тартылмақ. Айта кету керек, мемлекеттік хатшы бұдан бөлек, аймақтағы бірнеше нысанның ашылу салтанатында болып, облыс жастарымен кездесті.

Нұрсұлтан Сатыбалды, студент:

– Жатақхананың алғашқы іргетасын барлығымыз бірге отырып қалап отырмыз. Бұл – жастарға деген қамқорлық. Яғни жастарға үлкен жағдай жасалып жатыр. Біз сол сенімді ақтап, аянбай еңбек етіп, тер төгуіміз керек. Келесі жылды жастардың жылы деп атап жатыр. Соған орай біз өзіміздің білімімізді әрі қарай шыңдауымыз керек.

Жамбыл облыстық білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, аймақтағы үш жоғарғы оқу орнында 1200-ден астам орынға арналған жатақхана бар. Алайда бұл жеткіліксіз болып отыр. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, әлі өңірде 1600-ден астам студентке жатақханадан орын керек. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін таппақ.

Хабар 24 телеарнасы