389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада «АЛЖИР» және Карлаг тұтқындарының жеке заттары көрмесі өтіп жатыр

  • 565
  • UPD: 11:00, 18.10.2018
Астанада «АЛЖИР» және Карлаг тұтқындарының жеке заттары көрмесі өтіп жатыр astana.gov.kz

Бейбітшілік және келісім сарайында «Карлаг» - «АЛЖИР» – Қазақстанның тарихи орындары» және «КАРЛАГ: абақтыдағы шығармашылық» тақырыбындағы көшпелі көрмелер өтуде.

Пирамида фойесінде ашылған экспозицияда абақтыдағы өмірді бейнелеген лагерь тұтқындары салған ондаған картинаны, олардың көйлек, орамал, ридикюль мен әтір су, және басқа да осы сияқты көптеген жеке заттарын көруге болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Көрмені ұйымдастыруға саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені, Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейі мен Бейбітшілік және келісім сарайы мұрындық болды.

Айта кетейік, шара Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында өткізіледі. Себебі, екі музей де «Сакралды Қазақстан» картасына енген. Сұрапыл репрессияда құрбан болғандарға тағзым ету үшін мұнда жыл сайын жүздеген адам болып қайтады.

Белгілі саяси және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, жазушылардың аналары, жұбайлары және қыздары темір торға тоғытылып, лагерьде жазаларын өтеген еді. Олардың ішінде үздік көркемсурет мектептерінде оқығандары да болды. Көрмеге нақ осы адамдардың суреттері қойылған.

Қонақтар кіре берісте К.Ляйенің «Реквием, соло на трубе» картинасын тамашалайды. Кенепке салынған сурет суретшінің және басқа да мыңдаған жазықсыз жанның лагерьде бастан өткерген қиыншылықтарын жеткізеді. Бұдан басқа, М.Әбіқасованың «Ученики 30-х годов», Осипенконың «Ведут врагов народа» және «Тридцатые роковые», Арент В.Триптих «37 год» және т.б. картиналар экспозицияға шығарылды.

Келушілер тұтқындардың жеке заттары арқылы олардың тұрмысымен және тыныс-тішілігімен таныса алады. Мұнда көйлектер де, бас киімдер де, фотосуреттері бар мұрағат құжаттар да бар. Көрмедегі экспонаттардың ішінен Ғазима Алманиязованың тозығы жеткен темір сандығын, Лидия Френкельдің иісі осы күнге дейін сақталған «Голубой ларец» деп аталатын әтір суын, Ментай Даукенованың ридикюлін, Майа Кляшторна төрт айлық қызын орап әкелген жамылғыны, Анцис Мариам Лазарева дайындаған тігу үлгілерінің альбомы, Леон Нұрмұхамедов анасы Кира Берсеноваға «АЛЖИР» лагеріне жазған балалық хаттарын кезедстіруге болады. Витриналарға 1956 жылы толық ақталған, ал тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері атағы берілген Магрифа Казбекованың «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл», «Еңбек ардагері» медальдары, Еңбек Қызыл ту ордені қойылған.

Кезінде осы заттардың барлығын қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың туған-туыстары музейлерге табыстаған болатын.

Ананы баласынан айыру сәтін бейнелейтін қолына кішкентайын ұстаған әйел мен ІІХК қызметкерінің гипстен жасалған фигураларына еріксіз назарың ауады. Лагерьлерде бала үш жасқа толғанда оны анасынан айырып балалар үйлеріне жіберіп отырғаны белгілі. Сонымен қатар, экспозициядан тігін машинкасы мен балалар кереуетін де көруге болады.

 

Хабар 24 телеарнасы