388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚХА Ақмола өңірлік филиалы жыл бойы атқарған жұмысын қорытындылады

  • 686
  • UPD: 12:00, 01.12.2018

Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола өңірлік филиалы аймақтардағы осындай ұйымдармен салыстырғанда, қоғамдық істерге атсалысу жөнінен елімізде алдыңғы орында келеді, 

деп хабарлады «Хабар 24».

Бұл туралы аймақтық ассамблеяның 21-сессиясында айтылды. Жиында жыл бойы жасалған жұмыстар қорытындыланып, еңбегімен ерекшеленгендер марапатталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі ең беделді ұйымдардың бірі. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді қамтамасыз ету. Ал дәл осы міндетті атқаруға атсалысып жүрген ақмолалықтар жиында алдымен теңдессіз институтты құрған Елбасының ерен еңбегін сөз етті. Айтуларынша, бүгінде біздің ассамблеяға әлем қызығып отыр.

Ғосман Төлеғұл, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі:

– Таяуда кеңейтілген кеңестің Астанада мәжілісі өтті. Оған Орталық Азия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжаннан, тіпті Ауғанстаннан делегаттар қатысты. БҰҰ-да да, ЮНЕСКО көлемінде де біздің Ассамблеяны биік бағалайды.

Сессия барысында қоғамдық келісім мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене атсалысып жүрген жандар, сондай-ақ ауыл-аймақтарды ажарландыруға үлес қосқан меценаттар да марапатталды. Айта кету керек, соңғы жылдары этно-мәдени орталықтар да көптеген келелі істерді атқарып келеді.

Омар Шоназаров, «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:

– Біз бүгінде жан-жақты іс-шаралармен айналысып жүрміз. Мәселен, жақында қазақстандық компаниялардың атынан Тәжікстандағы бизнес-форумға барып келдік. Бұдан бөлек, сырт елдердегі қазақ диаспораларын қолдау жұмыстарын жүргіземіз. Шетелде жүргенде Елбасының әлемдегі абыройын айқын сезінесің.

Жалпы Ақмола облысында бүгінде 100-ден астам ұлт өкілі өмір сүріп жатыр. Ал 50-ге жуық ұлттың жеке этно-мәдени орталығы бар. Қазір олар өз тілдерін меңгеріп, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруға мүмкіндік алып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы