387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бауыржан Байбектің халыққа есебі атышулы автотұрақ мәселесінен басталды

  • 521
  • UPD: 12:42, 05.04.2019

Алматыдағы полицейлердің құрамы жаңартылып жатыр. Әкімдік білімі мен білігі сәйкес келмей, антын бұзғандарды органнан қуу жөнінде ішкі істер басқармасына талап қойған. Мегаполисте тағы қандай өзгерістер бар?

Әкім Байбек бүгін Алматыдан Астанаға келді. Есеп берді. Тоғыз айда атқарған жұмыстарын баяндады. Сөз басын атышулы автотұрақ мәселесінен бастады. Ел арасында желдей ескен қауесетке нүкте қойғысы келген болар.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- «Менің отбасым Алматыдағы автотұрақтарға иелік етеді» деген қаңқу сөз тарады. Мұны көлік тұрақтарын ақылы қылуға қарсы адамдар әдейі істеп отыр деп ойлаймын. Әкімшіліктің жасап жатқан реформасын тоқтатқылары келетін шығар бәлкім. Айтарым, тараған әңгіме жалған. Барлық жұмыс заңды түрде жасалып жатыр.

Алматы алып шаһар. Адамы да, көлігі де көп. Апат та аз емес. Айталық, елімізде орын алатын жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы бірінші орында тұр. Сондықтан былтырдан бері Құрманғазы, Әл-Фараби, Шевченко сынды негізгі көшелердегі көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 60, 40 шақырымға дейін азайтылды. Нәтиже бар. Жолдағы өлім-жітім 41 процентке кеміген. Осылайша Байбек мырза өзі басшылық жасап отырған қалада жаңа мәдениет қалыптастырмақшы. Тіпті тәртіп сақшыларын да сұрыптамақ. Дөрекі, парақорлары қызметтен кетіп те жатыр. Соңғы 3 жылда 170 полицей органнан қуылған. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамақ емес. Білім саласын да оң өзгеріс күтіп тұр. Алматыда 3 ауысымды немесе апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Дейтұрғанмен, шаһардағы білім ошақтарының 75 процентінде оқушылар саны шамадан тыс көп. Бастауыштағы бір сыныптың өзінде 40 баладан отыруға мәжбүр.  

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Соңғы 3 жылда шаһардағы оқушылардың саны 40 мыңға көбейді. Елдімекендерден қалаға көшіп келіп жатқандар көп. Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, 2022 жылға дейін Алматыда 8 үлкен мектеп салынады. Оның алтауы Алатауда, қалғандары Әуезов пен Наурызбай аудандарында бой көтереді.

Білім саласынан бөлек медицинада да жан жадырар жаңалық бар. Елбасының тапсырмасына сәйкес, жаңа жылдан бастап, қаладағы мыңға жуық дәрігер мен 2500 мыңдай медбикенің жалақысы 20 процентке өседі. 5 мыңдай тұрғын баспаналы болады. Қаланың әлеуметтік дамуы қарқынды. Экономикасы да биылғы 9 айда 3,5 процентке артқан. Ілгерілеу бар.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы