388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында Тәуелсіздік күніне орай көкпар сайысы өтті

  • 1058
  • UPD: 22:50, 16.12.2018

Алматы облысының Панфилов ауданында ат мінген үш жүзге тарта білекті палуанның қатысуымен Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған көкпар ойыны өтті. 

Бұл күні ұлттық ойынымызды  тамашалауға келген жергілікті халық саны да тым көп болды.

Жазиралы Жаркент жеріндегі Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевтың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Шараға жиналған халық 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қыршын кеткен боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Бағдат Айтмұқаева, «Жаркент өңірі» газетінің бас редакторы:

- Ақтабан шұбырындыдан басталған тар жол, тайғақ кешу осы Желтоқсан оқиғасымен аяқталса екен деймін. Бүгінде, міне тәуелсіздік алдық ғой, жалпы Қазақстанның тарихы осы Тәуелсіздіктен бастау алады. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Қали Ыбрайымжанов, қала тұрғыны:

- Барша қазақстандықтарды мынау Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік қаһармандарынан келешек жастарымыз патриоттық тұрғыда үлгі алып, Қазақ елі мәңгілік болсын!!!

Жер жәннаты Жетісу мен Жамбыл, Түркістан облысының мықты көкпаршылары бүгін Жаркентте бас қосты. Панфилов ауданы Алматы облысындағы қысы жұмсақ өңір. Сондықтан бұл жер ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға өте қолайлы. Тәуелсіздік күніне арналған көкпарға жалпы саны 300-ге жуық палуан қатысты. Араларында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен саңлақ спортшылар да бар. Жаркенттік қалталы азаматтардың қолдауымен өткен жаппай көкпардың жүлде қоры 10 миллион теңге.

Ынтымақ Әліпбаев, көкпаршы:

- Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын! Палуандардың тақымы талмасын, осылай көкпар шауып жүре берсін. Жаркент жеріндегі көкпар жақсы өтіп жатыр. Қазақстан чемпионатына, 2018 жылы «Көшпенділер» ойынына қатысқам Қырғызстанға барып.

Мұрат Әубәкіров, ұйымдастырушы:

 - Мықты-мықты азаматтар, міне, көкпар тартып жатқан. Әрқайсысының астындағы атының бағасы өте жоғары дүние. Қыстың уақытында бұл аттарды баптаудың өзі үлкен қаражатқа келіп тоқтайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну мәдениетіне айрықша басым берді. Ал ұттық ат спорты түрлері жастардың бойына патриоттық сезім ұялатады. Сондықтан азаматтарымыз аттан түспесін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз баянды болсын» дейді жаркенттіктер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы