422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодардағы онкологиялық диспансердің негізгі корпустарының құрылысы аяқталды

  • 1380
  • UPD: 20:30, 25.01.2019

Павлодар облысы қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші бойынша көш басында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дертпен күресті күшейту мақсатында алып диспансер салынып жатыр. Бүгінде негізгі корпустардың құрылысы аяқталды. Тарқатып айтсақ, операциялық, радиологиялық блоктар, емхана және үш күндізгі стационар бой көтерді.

Онкологиялық диспансердің есебінде 11 мыңнан астам сырқат тұр. Олардың қатары жыл сайын 2,5 мың адамға артуда. Қатерлі ісікке шалдыққандардың қатарында Фарида Адылханова бар. Зейнеткерге бірнеше ай бұрын операция жасалған.

Фарида Әділханова, емделуші:

– Бұл айдан кейін химиятерапия алудамын. Төрт рет алып жатырмын. Сол, жақсы енді. Қазір оңалдым, жағдайым алдында жаман болған.

Қатерлі ісікпен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында медициналық ұйымның құрылысына 7 млрд теңге, ал науқастардың 70% емдеуде қолданылатын сәулелі үдеткішті сатып алуға 1,8 млрд теңге бөлінген. Құрал радиология бөліміне орнатылады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Радиология – онкологиялық диспансердің негізгі корпустарының бірі. Қазіргі таңда бұл ғимараттың құрылысы толық аяқталды. Оның қабырғаларының қалыңдығы 2,5 метрден асады. Сондықтан мамандар қауымы онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын сәулелі үдеткіш аппаратын қалай кіргіземіз деп алаңдаған болатын. Қазіргі таңда мәселе шешімін тапты. Құрылысшылар сәулелі аппаратты кіргізуге осындай арнайы монтаждық орындар жасақтады. Ең бастысы, құрылғы Павлодарға уақытында жеткізілсе болғаны.

Олег Самарин, мердігер ұйымның өндірістік-техникалық бөлімі басшысы:

– Бұл – бірегей нысан. Мұнда бұрынғы диспансерде қарастырылмаған игіліктердің барлығы бар. Бүгінде негізгі жеті нысанда ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Электр желілерін тарту, санитарлық-техникалық және әрлеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, 12 лифт орнатылды.

Облыста соңғы бес жылда онкологиялық аурудан болатын өлім-жітім 16% төмендеді, ал дертті анықтау деңгейі 6-7% өсті.

Тельман Әлғожин, облыстық онкологиялық диспансер директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

– Құрылғы қатерлі ісікті тез әрі сапалы емдеуге мүмкіндік береді. Сәулелі үдеткіш онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді бағдарлама шеңберінде сатып алынады. Оған республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді.

Жаңа онкологиялық диспансердің жобасы төрт жыл бұрын мақұлданған. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда медициналық құралдардың бағасы екі есеге қымбаттап кеткен. Сол себепті жоба қайта қаралып, қосымша қаржы бөлінді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы