382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ға қарасты Тарбағатай тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді

  • 555
ШҚО-ға қарасты Тарбағатай тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы – еліміздің шығысында Қытаймен шектесетін шалғай өңірдің бірі.

Мұнда 17 ауылдық округ, 60 елді мекен бар. Шағын ауылдардың өзінде халық мал бағып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Мыңға жуық тұрғыны бар Үштөбе ауылына жақында таза су келіп, жұрт қуанышқа кенелді.

Қылышын сүйретіп қыс келсе, аудан орталығының өзінен 120 шақырымдағы Үштөбеге жету оңай емес. Соңғы 3 жылда жолды қардан тазалау мәселесі де жүйелі шешімін тауыпты. Ал Өкпетінің етегіндегі елді мекеннің тұрғындары – нағыз патриоттар. Малын өсіріп, кәсібінен нәсіп тауып отыр.

Қауланбек Нұрахметұлы, Үштөбе ауылының тұрғыны:

– Бұрын судың түбіне тұнба тұнып, тұз болып қалатын. Оның бәрінен құтылып, ауызсуға қолымыз жетіп отыр. Енді ауылымызға газ келеді.

Ауылда мектеп, қос балабақша, емхана, клуб үйі жұмыс істеп тұр. Жергілікті кәсіпкер Салтанат Қошманова ауылдың тағы бір түйткілін тарқатып, наубайхана ашты. Тәулігіне 80 нан, бауырсақ, тоқаш сияқты түрлі өнімдер шығарады.

Салтанат Қошманова, кәсіпкер:

– Бағаны тұрақты түрде ұстап тұруға тырысамыз. Халықтың әл-ауқатына, жағдайына басты назар аударамыз. Әзірге бір адам жұмыс істеп жүр. Егер халықтан сұраныс түсіп жатса, біз тағы да ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етуге адамдар аламыз деген ойымыз бар.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Үштөбе ауылында 60-тан астам шаруа қожалығы бар. Онда 13 мың қой, 4 мың ірі қара, мыңға тарта жылқы өсірілуде. Ал жыл сайын елге ел қосылып, халықтың тұрмысы түзеліп келе жатыр. Оған бір ғана дәлел – шалғайдағы елді мекенде осындай зәулім үйлер салынуда.

Ауыл халқының ендігі арманы – сапалы интернет қызметіне қол жеткізу. Әкімдік бұл мәселені де болашақта жауапты мекемелермен бірігіп шешуді көздеп отыр.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

– Ауданымызда ешқандай мектеп жабылған жоқ. Шалғайдағы ауылдарға дейін ауызсу мәселесін шешіп беріп жатырмыз. Көшті тоқтатудың жолы – әлеуметтік жағдай жасау. Халықта тұрақтылық пайда болды, адам саны көбейіп жатыр, бос үйлер жоқ.

Ауыл халқының еңсесін тіктеу үшін екі қолға бір күрек беру керек. Осы мақсатта өткен жылы ғана әр түрлі мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, несиелер беру арқылы мың жарымнан астам жаңа жұмыс орындары ашылыпты. «Бұл қарқын биыл да бәсеңдемейді», – дейді атқарушы билік өкілдері.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы