429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда Шығыс моншасының іргетасы қаланды

  • 1712
  • UPD: 22:21, 14.02.2019

Түркістан қаласының «рухани-мәдени» аумағында орналасатын нысандардың құрылысы басталды. Мұндағы 98 гектар жерде 8 ғимарат бой көтереді. Шаһарға ресми іссапармен барған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Қожа Ахмет Яссауи музейінің құрылысымен танысып, Шығыс моншасының іргетасын қалады. 

Түркістан қаласын дамыту Елбасының басты назарында. Сондықтан Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин ай сайын киелі шаһарға келіп, салынып жатқан нысандардың құрылысын бақылауды дәстүрге айналдырған. Бүгін Түркістан топырағына табаны тиген бірінші вице-премьерді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев күтіп алып, әкімшілік-әскерлік алаңындағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырды.

Қазір мұнда облыстық әкімдік пен басқармалардың және департаменттер үйі ғимараттарының құрылысы жүріп жатыр. Үкімет басшысының бірінші орынбасары биыл сәуір айынан бастап пайдалануға берілетін 26 және құрылысы жүріп жатқан 88 көп қабатты тұрғын үйді аралап көрді. Бұдан бөлек аймақ басшысы әкімшілік-іскерлік аумағында инвесторлардың қатысуымен тағы да 88 көп қабатты тұрғын үй бой көтеретінін жеткізді. 

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:

- Бұл 5876 пәтер, 450 мың шаршы метр болады. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады. Сондай-ақ каналдың жоғарғы жағынан 18 мың шаршы метр болатын 150 котедждің құрылысы жоспарлануда. Бүгінгі күні жер телімі анықталып, жұмыстар жүргізілуде.

Одан кейін бірінші вице-премьер бастаған жұмыс тобы «рухани-мәдени» аймақта салынып жатқан Қожа Ахмет Яссауи музейінің құрылысымен танысты. Аумағы 3200 шаршы метр болатын музей 2020 жылдың соңында ел игілігіне беріледі. Одан кейін Асқар Мамин, аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірі тарту ететін Шығыс моншасының іргетасын қалады. Нысанның құрылысы қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.  

Қайрат Ерназаров, Қызылорда облыстық құрылыс қауымдастығының президенті:

- Мұның ерекшелігі - 250 орындық ер адамдарға, 250 орын әйел адамдарға арналған орын. Барлығы күніне 500 адамды қабылдауға қауқарлы. жалпы 1400 шаршы метр, сыртқы үлгісі шығыстық үлгіде болады.

Сонымен қатар Астаналық жұмыс тобы Түркістан қаласының дамуы жөніндегі алқалы жиынға қатысты. Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жұмыс бабымен Шымкенттен көшіп келген мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамту үшін алдағы 3 жылға 9 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Қазір бюджетке өзгерістер ұсынылып, қажетті қаржы бөлінетінін жеткізді. 

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

- Сол себептен салынып жатқан үйлердің инвесторларға айту керек, ақша түскеннен кейін олар салып жатқан үйлерді біз толық сатып аламыз. Жұмыс бабымен осында көшіп келген азаматтарды үймен қамту үшін.

Жиын барысында Асқар Мамин құрылыс жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Бастысы сапаға мән беріп, салынып жатқан нысандардың құрылысын жеделдетуді жүктеді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы Түркістанның қарқынды дамуына үлкен мән береді. Қазір Елбасының арқасында Түркістанда үлкен құрылыс басталды. Өткен жылдың 12 желтоқсанында Мемлекет басшысы архитектуралық конкурстың нәтижесі мен жаңа нысандарың құрылысы бойынша тапсырмалар берді. Енді бәріміз уақытты жібермей құрылысты жүргізуіміз керек. Оған барлық жағдай жасалынған.

Сапар соңында Асқар Мамин құрылыс материалдарының көрмесін тамашалады. Көрмеге Түркістан мен Қызылорда облысының өндіріс орындары шығарған құрылыс материалдары қойылған. Онда қыш, плита жабынды сынды құрылысқа қажетті жабдықтар көрсетілді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы