378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып жүрген қыз-келіншектер көп

  • 259
  • UPD: 10:37, 08.03.2019

Нардың жүгін арқалаған нәзікжандылар.

Мұндай теңеу погон тағып, ер азаматтармен қатар ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген әйелдерге жарасса керек. Бүгінде қыз-келіншектер жауынгерлік міндетін абыроймен орындап, қоғамға үлгі болуда.

Гауһар Көкіштің Ұлттық ұланға қарасты әскери медицина басқармасында қызмет етіп жүргеніне 4 жыл болды. Аға дәрігер күніне кемінде 10-15 сарбазды қабылдап, азаматтық борышын өтеуге келген жастардың денсаулығын нығайтуға барын салады. Ал әскери бөлімдерге барғанда жұмысы тіпті қиындай түседі, «себебі 300-400 сарбазды қарауға тура келеді», – дейді дәрігер-инфекционист.

Гауһар Көкіш, инфекционист:

- Біз медицина саласында қызмет еткенімізбен, әскери тұрғыда қызмет атқарамыз. Спортпен шұғылданамыз. Атуды үйренеміз. Көптеген жағдайға дайын тұруымыз керек. Аптасына екі рет дайындық сабағы болып тұрады. Жылына бір рет қорытынды сабағын тапсырамыз. Содан бізді бағалап өтеді.

«Әр қызметтің өз қыр-сыры, ерекшелігі болады. Ал әскери салада әйел немесе ер адам деп бөлмейді. Бәрі де қару ұстаған Отан қорғаушылар. Сондықтан кез келген қиындыққа дайын болу керек», – дейді медицина қызметінің майоры Аңсаған Ахметова. Ол еңбек жолын 2011 жылы Қарағанды қаласы 6505 әскери бөлімінде маман дәрігер болып бастаған. Астанаға ауысып келгеніне бір жыл болды. «Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге ниетті нәзік жандар қару ату мен жекпе-жек ұрыс тәсілдерін меңгеріп, жедел шешім қабылдап, ең аяғы ішкі түйсігіңді суыққанды басқарып, батыл жүректі болғаны абзал», – дейді. 

Аңсаған Ахметова, рентгенолог:

- Әскер қызметінде жүрген әр әйел адам әйтсе де өзінің әйелге тән қасиеттерін жоғалпайды деп ойлаймын. Керісінше, өзінің сыртқы келбетіне жинақы болып жүруі керек, таза болып жүруі керек. Қыздарға тән қылық кетіп қалмайды. Біз медицина, қаржы қызметі деген сияқты қосымша құрылымдардамыз ғой.

Кейбіреулер әскери сала қыз балаға қол емес деп жатады. Бұл ортадағы қатаң талаптарға кейде нәзікжандылар тұрмақ, ер азаматтар да шыдас бермейді. «Сол себепті бүгінгі кейіпкерлеріміздің қызмет жолы көпшілікке үлгі», – дейді әріптестері. 

Олжас Күлдібаев, терапевт:

- Біздің қатарымызда қызмет етіп жүрген әйел адамдар өте көп. Ауруханада, емханада жұмыс істеп жүрген әйелдермен салыстырғанда бізде жұмыс атқару қиын. Дәрігерлік жұмыспен байланысты үнемі жауынгерлік дайындықта жүруі тиіс. Соған қарамастан әскери бөлімдерде қызмет атқарып жүргендер өте көп.

Әскери ортаның ыстығы мен суығына төзіп, темірдей тәртіпке көніп, онымен қоса отбасылық міндеттерді бірге алып жүру әрбір жанның қолынан келе бермейтіні анық. Осы ретте қысылтаяң сәтте батылдығымен ерден озып, бейнесі ерліктің символына айналған Әлия мен Мәншүктей қазақ қыздарының барына қуанып, мақтаныш тұтамыз.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы