378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырық жыл бала оқытқан ұлағатты ұстазды халқы өнеге тұтады

  • 249
  • UPD: 08:46, 09.03.2019

Өмірде өзінің адал еңбегімен зор құрметке бөленіп, елдің алғысын алып жүрген әйел-аналар аз емес. Солардың бірі Алматы облысының Кербұлақ ауданында тұратын Ақбасова Ғалия Ниязқызы. Жергілікті тұрғындар оны от анасы деп қана емес, ел анасы ретінде де қатты сыйлайды. 

Кербұлақ ауданының тұрғыны Ақбасова Ғалия Ниязқызының мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол Қоғалы орта мектебінде ұзақ жылдар бойы директор болып, кейіннен аудандық білім бөлімін басқарды. Көптеген байқауларда топ жарып,  «Жетісудың майталман мұғалімі» атанғанын да жұрт жақсы біледі. Ұстаз бақыты дегеніміз – саналы ұрпақ тәрбиелеп, сол шәкірттеріңнің биік белестерді бағындырғанын көру» дейді Ғалия Ниязқызы.

Ғалия Ақбасова, Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы:

-«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға,

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай сол бастауыштан бастап жұмыс жасаған еңбегімнің қазір жемісін жеп жатырмын деп ойласам болады. Өйткені менің оқушыларым қазір жоғары деңгейде жұмыс жасап жатыр. Алды докторлықты қорғап жатыр.

Ғалия Ниязқызы қазір Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы. Қоғамдық жұмыстарға, әсіресе, бала тәрбиесі мен қазақ қыздарының инабатты, ибалы болып өсуі жолында аянбай тер төгіп жүр. Ол «Ерін сыйлаған әйел есікте отырмайды», «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа» деген қағидамен өмір сүреді. 

Ғалия Ақбасова, Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы:

- Ренжіскен жағдайда ешқашан шапылдап ұрыспаймын. Хат жазамын да жолдасымның қалтасына салып қоямын, болды. Сол өзінің нәтижесін берді деп айтуға болады. Жұмыстан келген кезде ақырын қарап қоямын қалтасын оқыды ма екен, оқымады ма екен деп. Қалтада жоқ болса, оның оқығаны деп есептеймін. Сондықтан бізде ұрыс-керіс деген болмайды.

Ғалия апай өзінің жан-жары Баясыл Ақбасов екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. 11 немересі бар. Келіндері де қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанады.

Тәжігүл Ақбасова, келіні:

- Мен мамадан көп нәрсе үйрендім деп айта аламын. Ең керегі сабырлылықты үйрендім. Үлкенге ізет, кішіге құрмет деген сияқты. Кісіні қалай күтуді. Маманың ең бір жақсы қасиеті ауырып, шаршап отырса да, кісі келген кезде жазылып, жүгіріп кетеді. Сол қасиетті мен өзіме жақсы сіңіре алдым деп ойлаймын.

Әсем Ақылбекова, келіні:

- Жалпы адамға деген қарым-қатынас, балаға деген мейірімді, тәрбиенің қыр-сырын түгелдей үйреніп келе жатырмыз. Әлі де аларымыз мол. Ана ретінде, адам ретінде көп жақсы тұлғалық қасиеттерін көріп жүрмін. Сондықтан мамамызды үлгі тұтамыз.

Ер азаматтың үлкен жетістікке жетуі әйеліне байланысты. Ал әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Сондықтан ауылдастарым мен еліміздегі барлық әйел-аналарды 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын» дейді аяулы ұстаз.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы