388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде тұрмыстық заттар импортын 50 процентке қысқарту көзделіп отыр

  • 807
  • UPD: 15:15, 14.03.2019

Елде қарапайым заттар экономикасын дамытуға ерекше ден қойылғаны белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өйткені күнделік тұрмыста пайдаланатын ұсақ-түйектің де отандық өнім болғаны құба-құп. Мәселен, елордада 40-тан астам шағын фирмалар қызмет етеді. Осыған байланысты алдағы 3 жыл ішінде жергілікті майда-шүйде импортының үлесін 80 проценттен 50 процентке қысқарту көзделіп отыр. Бұл мақсаттарға қарастырылған 600 млрд теңгені кезең-кезеңмен бөлу қарастырылған. Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректері бойынша, жалпы құны шамамен 500 млрд теңгеден астам 180-ке жуық әлеуетті жоба бар.

Алматы тумасы Олжастың негізгі мамандығы – электрик. Алайда ол қазіргі уақытта елордада карточка жасайтын компаниялардың бірінде өндіріс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Айтуынша, бір карточка жасауға шамамен 1,5-2 сағат уақыт жұмсалады. Өнім бағасы да 1500-2000 теңгеге тең.

Олжас Тынбаев, өндіріс бөлімінің меңгерушісі:

- Мен осы жерде жұмыс істегеніме 6 жыл болды. Оқуды бітірген соң, карточка маманы емеспін, бірақ осы мамандыққа келіп жұмыс жасау өзіме ұнады Аллаға шүкір, жұмысымыз табысты. Пластикалық карточка болғандықтан, картаның көп түрі бар. Клиент қандай картаны қалайды, біз сол картаны жасап беруге тырысамыз.

Шағын компания жылына 200 мыңнан астам өнім шығарады. Оның ішінде сапасы жоғары немесе ішінде чипі бар банк картасы мен визиткалардың саны 25 мыңнан асады. Компаниядағылардың айтуынша, тапсырыс көлемі күрт артса, кәсіпорын айына 170 мың карточка шығаруға қауқарлы. Бірінші кезекте, клиенттің тапсырысы бойынша дизайны әзірленеді. Артынша, сынамалы карточка дайындалып, тапсырыс берушіге көрсетіледі. Соңғысына ұнап жатса, кескін А3 форматқа басылып шығарылып, арнайы пеште қыздырылады.

Дәурен Нұрғазинов, бас менеджер:

- Пластикалық шикізатты шет елдерден сатып аламыз. Оның ішінде ақ түсті, алтын мен күміс түстес және қалыңдығы бойынша 0,15-0,3 мм аралығындағы карталар бар. Сондай-ақ қала бойынша көлік карталарын шығарамыз. Чиптің де 7-8 түрін қолданамыз. Мәселен, тапсырыс көлемі артқанда, тәулігіне 20 мың карта шығаратын кездер де болады. Ондай сәттерде 20-ға жуық адамнан құралған жұмыс тобымыз түнгі ауысымға шығады.

Ал бұл – Алматыда опа-далап шығаратын компаниялардың бірі. Бет терісінің күтіміне арналған сапалы әрі ерекше өнім ұсынады. «Табиғи өсімдіктерден жасалатын экопрепаратқа сұраныс ТМД елдерімен қатар Корея, Германия мен АҚШ-та артып отыр», – дейді өндірушілер. Олардың айтуынша, құнарлы шөптердің қоспасынан әзірленетін отандық косметика синтетикалық опа-далаптан әлдеқайда пайдалы.

Ал Шымкентте жеңіл және жиһаз өнеркәсібінің, құрылыс материалдары өндірісінің «Жол картасы» әзірленген. Оның аясында 76 гектар жер теліміне индустриалды аймақтың құрылысы жоспарланып отыр. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағы 200 гектардан 500 гектарға дейін кеңейтіледі. Нәтижесінде 30 өндірістік кәсіпорын, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент әкімі:

- Елбасы өз Жолдауында қарапайым заттар экономикасын дамыту міндетін қойған болатын. Ол негізінен шағын және орта кәсіпорындарға тиесілі. Бүгінде Шымкентте шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 25 пайызды құрайды. Дегенмен бұл әлі де аз. Сондықтан кәсіпкерлерді осы үлесті арттыруға, дамытуға шақырамын. Оған қаламыздың адами және материалдық ресурстары жеткілікті. Күнделікті тұтынылатын заттарды өндіру нәтижесінде біз азаматтарды жұмыспен қамтимыз және импортты азайтамыз.

Еске салайық, облыстарда азаматтар күнделікті пайдаланатын 250 тауар атауы бар. Олардың импорты бүгінде 80 проценттен асады. Осы көрсеткішті 2022 жылға дейін 50 процентке қысқарту көзделген.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы