378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда іргесіндегі ауылға көлік қатынауы үшін жол салынбаған

  • 244
  • UPD: 10:28, 15.03.2019

Астананың іргесіндегі ауылда жол жоқ. Тиісінше автобус та қатынамайды. Тұрғындар қалаға жету үшін бірнеше шақырым жол жүріп, елді мекеннен автобанға дейін жаяу барады.

Қыста омбы қарды, көктемде саз балшықты кешуге мәжбүр. Мәселе қашан шешілмек? 

Жұрт ауылдық окургтен сайланған депутатты осылайша сұрақтың астына алды. Кезінде «жол салынады» деп уәде беріп қойған екен. 

Әңгімені басынан бастайық. Бұл Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылының құрамына кіретін елдімекен. «4-мөлтек аудан» деп аталады. Елордадан небәрі 22 шақырымдай жерде орналасқан. 300 шаңырақ бар. Үйлердің арасында көшелері де жоқ. Тек шағын ауданнан автобанға шығатын бір ғана жол салынған кезінде. Оның өзі ойдым-ойдым.

Дұрыс жолы болмаған соң шағын мөлтек ауданға автобус та қатынамайды. Тұрғындар бас қалаға бару үшін бірнеше шақырым жерді жаяу жүріп, «Астана-Қарағанды» автобанына шығады.

Қорған Төреқожа, тілші:

- 4-шағын аудан мен мына терминалдың арасы шамамен 3 шақырым. Елді мекеннің тұрғындары осы Күлдірген Молдабекқызы сияқты жолдың арғы бетіне осылай өтеді күнде. Мына жерден секірмеске амал жоқ. Осылай жолдың арғы бетіне өтіп, 315 немесе 316-автобусқа отырып, қалаға қатынайды.

Күлдірген Молдабекқызы, 4-мөлтек ауданның тұрғыны:

- Аршалыдан өтетін автобуспен күнде бала-шағамызбен, үлкен-кішімізбен осыдан өтіп, анау машина тұрған жердегі останокадан автобус күтеміз. Мына терминалдан өткен автобусты біз осы жерде күтіп тұрамыз. Күнделікті. 4 мезгіл өтеді. 4 мезгіл сол жерде тұрамыз. Бұрын бұл жерде мынау болмаған. Осы мына жерге қазавтожол жол салғаннан бері бұл жер бекітілді. Біз аттап өтумен жүрміз.

Елордадан Қарағандыға қарай автобан салынған кезде жобалық-сметалық құжатқа 4-шағын аудан енгізілмеген. Содан бұрылыс, жаяу жүргінші жолағы жасалмапты. Елді мекеннен автобанға шығатын жалғыз-ақ жол бар.

Жанар Жұртыбаева, 4-мөлтек ауданның тұрғыны:

- Ол жолдың өзі болмайды боранда. Ол күрелмейді де. Айқай шумен жүреміз. Соңында анау 5 шақырым айналып барып, терминалдан ақша төлеп барып, қалаға барамыз. Боранда, аязда. 

«Автобанға шығу үшін шағын аудан ішіндегі бірнеше шақырым жерді жаяу жүріп өтуге қорқамыз» дейді тұрғындар. 

Халықтың тілеуі орындалады. Әкімнің айтуынша елді мекеннен автобанға шығу үшін жаңа жол салынады. Бұдан бөлек шағын ауданның іргесіндегі Саяжай тұрғын алабына автобус та қатынайтын болады.

Габдегаип Рыспаев, Аршалы ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі: 

- Бүгінгі таңда Астана ЛРТ-нің басшылығымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Әзірге тек Жібек жолы ауылына ғана келетін нөмірі 304-маршрутты Саяжай тұрғын алабына дейін жіберсек халық 8 шақырым жол жүріп, Жібек Жолына бармайды. Ал автобаннан шағын ауданға дейінгі бір жолды биыл саламыз. 

Әнуар Жақсынбетов, жол салатын құрылыс фирмасының учаске басшысы:

- Ұзындығы 3 км 440 метр болады. Ені 7 метр болады. Жарығымен, тратуарымен болады. Жұмыстарды осының 15-нен бастаймыз. Ал аяқталуы қарашада бітеді.

Жақсы сөзге халық иланды. Уәденің орындалуын уақыт көрсетеді. Автобанға шығар жол салынып, Саяжай тұрғын алабына дейін автобус қатынаса, адамдар елордаға жету үшін бастарын қатерге тікпес еді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы