379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдегі Наурыз мерекесі барысында әжелер ел мен жерді аластады

  • 168
  • UPD: 21:27, 22.03.2019

Әз Наурыз мерекесі Семей қаласында да ұлан-асыр тойға ұласты. Атқа мінген қазақ батырларының дүбірі мен әжелердің ел мен жерді бәле-жаладан аластауы Орталық алаңға келген тұрғындарды ерекше көңілге бөледі. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Биыл семейліктер Наурызды ерекше тойлады деуге болады. Өйткені Орталық алаңға келген әрбір тұрғын рухани жаңғырып қайтты. Қойылымдар да ерекше болып, тарихи жылнамаларға, тәуелсіздік шежіресіне толы болды. Жас ұрпақ та өнеге алатын дүние көп мұнда.

Мерекелік қолөнер көрмесінде көздің жауын алатын дүниелер жетерлік. Әсіресе Абылайхан Асылбайдың жасаған бұйымдары жұрттың назарын ерекше аударып тұр. Ал қолөнер шебері батырлардың сауыт-саймандары жайлы таңға дейін әңгіме айтуға бар.

Абылайхан Асылбай, қолөнер шебері:

- Кезінде ата-бабаларымыздың киген киімдері бәрі жастарға таңсық қой, сол тәрбие ретінде суретке түсіп қызықтап жатыр. Бес қаруымен, оның ішінде қалқаны бар, шоқбары бар, найзасы бар. Тарихын да айтып беремін, өйткені менің ұстазым Дәркембай Шоқпарұлы айтатын: «Бір нәрес жасасаң ол кейін артыңнан 10, 20 жылдан кейін сөйлеп тұруы керек» деген сияқты.

Алтын адам, батырлар жорығы, әжелердің аластауы. Бұл көріністің бәрі жұрттың ықыласына ие болды. Тұрғындар үшін арнайы дәм де дайындалыпты.

Гүлшат Оралтаева, қала тұрғыны:

- Мың жарым бауырсақ дайындадық бүгінгі Наурыз күніне. Осы халқымызға баршамызға таратып тұрмыз. Наурыз мерекесі құтты болсын! Ақ мол болсын!

Мұқаметжан Әзікенұлы, қала тұрғыны:

- Әр шаңыраққа бақыт тілеймін! Аман-есен еліміз, жұртымыз тыныш болсын! Халқымыз аман болсын, ағымыз мол болып, жылда әз Наурызды тойлай берейік! Наурыздан Наурызға жете берейік!

Сахнаға шығып өнер көрсеткен этнобірлестік өкілдері де Қазақстандағы бірлік пен берекені жырлады. Би биленіп, жұрттың көңіл-күйі шаттықа бөленді.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Семейдегі Наурыз мерекесі күні-түні тойланады деуге негіз бар, өйткені қаланың сол жағалауындағы Мұқтар Әуезов алаңында, Көктем алаңында мерекелік шаралар жалғаса береді. Ал мерекенің шарықтау шегі кешкілік от шашумен аяқталып, концертке ұласады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы