379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсуда елорда тұрғыны 3 жасар баланы құтқарып қалды

  • 68
  • UPD: 14:12, 03.04.2019
Ақсуда елорда тұрғыны 3 жасар баланы құтқарып қалды pavlodarnews.kz

Ақсу қаласында 25 жастағы Дастан Егінбаев Астана көшесі, 21 мекенжайы бойынша бесінші қабаттың терезесінде тұрған үш жасар баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Ақсу қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Сол сәтте көп қабатты тұрғын үйдің жанынан өтіп бара жатқан жігіт еш ойланбастан дереу баланы құтқаруға жүгіре жөнелген», - дейді баспасөз қызметінде. Ол пәтердің есігін бұзып кірген сәтте екі кішкентай баланың үйде жалғыз қалғандарын көрген. Баланы қорқытып алмау үшін Дастан Егінбаев ақырын жақындап, терезеден түсіріп алған. Сол күні алты жасар қыз бен үш жасар ұл баланың ата-анасы Төртқұдық ауылында болған.

Оқиға орнына ювеналдық полиция инспекторы, Ақсу қаласы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі маман, білім беру бөлімі қорғаншылық және қамқорлық органының мамандары келгеннен кейін балалар Ақсу қаласының ауруханасына жеткізілген.

Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі бөлімнің бас маманы Анар Дәуітбаеваның айтуынша, аталмыш факті орын алған күні балалардың әкесі жұмыста болған, анасы ауылға кеткен. Олардың екеуі де жұмыс істейді.

«Кеше комиссия отырысында бұл отбасымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті шара қолданылды. Бақылауға алынды. Кейбір процедуралық шараларды аяқтағаннан кейін балалар үйлеріне қайтарылады», - дейді Анар Дәуітбаева.

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Дастан Егінбаевтың ерлігін бағалаған Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев балаларды аман алып қалған жігітке алғыс хат табыс етті.

Хабар 24 телеарнасы