379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының ауруханаларында жаппай тексеру басталды

  • 125
  • UPD: 14:52, 06.04.2019

Шымкенттегі 1 жасар нәрестеге ыстық сумен клизма жасалған жантүршігерлік оқиғағадан кейін Түркістан облысының ауруханаларында жаппай тексеру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Қазір салалық ведомство басшысы жұмыс сапарымен Павлодар облысында жүр. Оның айтуынша, келешекте мұндай дәрігерлік қателіктердің алдын алу үшін министрлік тиісті шараларды қолға алды. 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Осы оқиғаға қатысы бар медбикелер жұмысынан шеттетілді. Тағайындалуы тиіс жаза заңда көрсетілген, сол себепті барлығы заңға сәйкес жүзеге асырылады. Әрине, бұл – өте ауыр оқиға. Қазір Түркістан облысының барлық медициналық мекемесінде жаппай тексеру жүргізіліп жатыр. Медбикелердің сертификатының мерзімі тексеріледі. Егер қандай да бір заңбұзушылық табылса, өте қатаң шаралар қолданамыз.

Сондай-ақ министр жуық арада елімізде медбикелерді дайындау бағдарламасының қайта қаралып, бас дәрігерлердің жұмысына бақылау күшейтілетінін де айтып өтті. Қазір министрлік техникалық мәселелерді талдап, құқықтық базаны дайындап жатыр. 

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Барлық колледждің бағдарламасы, мемлекеттік немесе жекеменшік болсын, медбикелерді дайындаудың халықаралық талаптарына сәйкес бірыңғай стандартқа келтірілуі тиіс. Екіншіден, биыл оқытушылар мен студенттерді міндетті тестілеуден өткізу туралы заң нормасын қабылдадық. Үшіншіден, медбикелердің жұмысын үнемі бақылауда ұстауымыз қажет. Заңға сәйкес әр 5 жыл сайын барлық дәрігерлер мен медбикелер міндетті сертификаттаудан өтіп тұруы керек.

Хабар 24 телеарнасы