378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда тұрғын үйлер ауласы күрделі жөндеуді қажет етеді

  • 113
  • UPD: 08:52, 27.04.2019

Қарағандыда тұрғын үйлердің аулалары мен балалардың ойын алаңдары күрделі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі басым бөлігі ескіріп тозып кеткен. Тіпті аулада темір-терсек болып қалған ескі құрылғылар бала түгілі үлкендердің өзіне қауіп төндіреді. Жергілікті тұрғындар осылай деп әкімдікке бірнеше рет өтініш білдіргенімен, мәселе шешілмеген. 

Бұрын мына жерде балалар ойнайтын шағын футбол алаңы болған. Ал қазір автокөлік қоятын орынға айналыпты. Жұртшылық енді темір тұлпарлар балалар ауласына шығып кете ме деп қауіптенеді. Сондықтан оны темір қазықтар қағып, ағаш бұтағымен қоршап қоюға мәжбүр. Ал мына дүниелерді тұрғындар өздері жасаған. Ескі диірмен, ертегідегі сандық толы қазынаны да осыннан табасыз. Степной-2 шағын ауданы тұрғындарының айтуынша, балалар аулалары осы үйлер салынғалы жаңартылмаған.

Динара Сүлейменова, қала тұрғыны:

– Мына үйлер 1997 жылдары салынған. Мен өзім 2006 жылы келдім. Бәрі ескі. Темірлер іскен шыққан. Балаларды ойнатуға қорқамыз. Бірдеңеге ұрынып қала ма деп.

Осы аулаға көршілес Республика көшесіндегі көрініс тіпті көңіл құлазытады. Мұнда балалар ауласы атымен жоқ. Алаңқай тоғай болып кеткен. Ондағы шіріп, құлаудың аз алдында тұрған ағаштардың арасымен жүру расымен қауіпті. 

Ақжан Кенешова, қала тұрғыны:

– Балалар ойнайтын алаң болса деп, әкімдікке жазған болатынбыз. Жолды да дұрыстаса жақсы болар еді. Баларымызды ойнату үшін Республика бойындағы басқа алаңдарға барамыз. Онда да алаңдар көп емес.

Қарағандыдағы тұрғын үйлердің біразы жеке пәтер иелері кооперативіне де, үй басқармасына да қарамайды. Сондықтан ауланы көріктендіру жұмыстарымен өздері айналысады. Қажетке бәрін жаратады.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Қаланың орталығындағы тұрғын үйлердің де көркі мәз емес. Мәселен, Саттар Ерубаев көшесінің бойында орналасқан үйдің ауласы. Тұрғындар әкімдіктен көмек болмаған соң ауланы абаттандыруға өздері кіріскен. Мәселен ескі тегеш, басқа да үйдегі керексіз заттарді іске жаратқан. Ал мына орындықтың ескіргені соншалық, ағаштары шіріп кеткен.

Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, балалардың жаңа аулада ойнайтын күндері де алыс емес. Биыл аула құрылысы қарқынды түрде жүргізіледі. Енді оны сәндеуге қолөнерші тұрғындарды емес, арнайы мамандарды тартпақ.

Татьяна Шатохина, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының әкімі:

– Қалада тек Қазыбек би ауданы бойынша 438 аула бар. Соның 160-қа жуығының жағдайы сын көтермейді. Біз алдымен үй басқармаларына қарайтын көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын жасауды қолға аламыз. Ал еш мекемеге кірмеген үйлердің мәселесі қиын болып тұр. Қазір мүлік иелері бірлестігі туралы айтылып жатыр емес пе? Осыған орай ондай баспаналардың ауласын да тыс қалдырмау жағын қарастырамыз. Биыл тек біздің ауданда 50 аула қайта жасалады.

Осы жылы Қарағандыда 100 аула абаттандырылмақ. Оның 50-і қаланың Октябрь ауданына тиесілі. Әкімдік аулаларды жөндеу кезінде тұрғындардың талап-арызын толық ескереміз, деп уәде беріп отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы