379.46 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл 9 мың орынды 29 жатақхана пайдалануға беріледі

  • 108
  • UPD: 23:41, 29.04.2019

Елімізде жатақхана жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгінде 91 мың студент пәтер жағалап жүр. Алматыда 31 мың, елордада 17, ал Шымкент қаласында 8 мың орын тапшы. Осы мәселені шешу үшін биылдыққа 29 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Сөйтіп еліміз бойынша 9 мыңнан астам студент жайлы орынға қоныстанады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды. Студент жастардың жатақхана мәселесін шешу – Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі. Осы тапсырмаға орай 2022 жылға дейін 75 мың орынға шақталған жатақханалар пайдалануға берілуі тиіс.

Үкімет биылдыққа 5 мың орындық жатақхананы қолданысқа беруді көздеген. Дегенмен Елбасының тапсырмасына орай бұл көрсеткіш артып, 9 мыңнан асуы мүмкін. Құрылыста көшті  Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысы бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе облыстарында құрылыс баяу. Жалпы, жатақхана салушыларға жеңілдіктер де бар. Құрылысшы кәсіпкерлерге жер телімдері беріліп, банктік несиенің 7 проценті мемлекет есебінен субсидияланады. Бұл инвесторлардың шығынын азайтып, жоба құнын төмендетуге сеп болмақ. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін, оны салушы кәсіпкердің 8 жыл қатарынан түрлі мемлекеттік тапсырыстар алуға мүмкіндігі бар.

Күләш Шәмшидинова, ҚР білім және ғылым министрі:

- Жаңа құрылыс жағдайында оның көлемі бір студент үшін жылына 308 мың теңгені, ал реконструкция болса 119 мың теңгені құрайды.

Сонымен бірге инвестордың осы ғимаратта асхана, жаттығу залы және өзге де тұрмыстық қызметтерді ұйымдастыру арқылы қосымша кіріс табуына мүмкіндік берілген. Нұр-Сұлтан қаласында жатақхана ақысын әкімдік тарапынан субсидиялау тетігі енгізілген.

Күләш Шәмшидинованың айтуынша, биыл жоспар орындалады. Дегенмен келер жылғы орындалу, орындалмау барысы алаңдаушылық туғызып отыр. Оған бірнеше себеп бар. Осыған орай министр Үкіметтен бірқатар шараға қолдау білдіруді сұрады. 

Күләш Шәмшидинова, ҚР білім және ғылым министрі:

- Бірінші. Өңірлерде барлық оқу орындары көрсетілген жатақханалар салудың  толық кестесін бекіту. Екінші. Қымбат тұратын жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді тоқтату. Үшінші. Жер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру жұмысын жеделдету. Төртінші. Осы жобаны іске асыру барысында сейсмикаға қатысты мәселелер көтерілді. Осыған байланысты нормативке сейсмиканы ескеретін коэффициентті қосу қажет.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин осы жатақханалар құрылысына қатысты бірқатар міндет жүктеді. Мәселен, Білім және ғылым, Ұлттық экономика министрліктері бірлесіп өңірлерде қаржыландыру жағдайын шешуі тиіс. Осыған қатысты аймақтар нақты жоспарларын әзірлеуі керек.

Сонымен қатар әкімдер және оқу орындарының басшылары студент жастардың жатақхана мәселесін шешіп, нысандарды уақтылы тапсыруды қамтамасыз етуі қажет. Қазіргі таңда  студенттік жатақхана құрылысының жобасына мемлекеттік ЖОО-дан гөрі жеке оқу орындары белсене атсалысып жатыр.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Біз студенттердің жайлы тұрмысы үшін жағдай жасау қажеттігін жақсы білеміз. Алайда бұған жеке оқу орындарының белсенді қатысып отырғандығын көріп отырмыз. Ал мемлекеттік оқу орындары енді ғана қолға алып жатыр.

Мамыр, қыркүйек айларында инвесторлар тарту мақсатында үздік жобалар акциясы ұйымдастырылмақ.  Жоғары оқу орындарының бақылау кеңестері солардың ішінен жеңімпазын анықтайды.

Хабар 24 телеарнасы