379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда 80 отбасыға пәтер кілті табыс етілді

  • 156
  • UPD: 22:38, 07.05.2019

Таразда 80 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолданысқа берілді. Бұл – жергілікті тұрғындарға мерекелік тарту. Пәтер кілттері бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлестірілді.

Берік Жұмабайұлы, тілші:

– Көп қабатты тұрғын үйдің 80 пәтері кезекте тұрған азаматтарға берілді. Баспаналы болғандардың қатарында соғыс ардагерлері, жетім балалар, көп балалы аналар және бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Айта кету керек, дәл осы үйдің 3 подъезі ақпан айында болған жарылыс кезінде зардап шегіп үйсіз қалған 20 отбасына уақытша берілген болатын.

Қазір олар үйлерін қалыпқа келтіргенге дейін уақытша тұрып жатыр. Ал қалған пәтерлер Отан қорғаушы күні ел игілігіне беріліп отыр. Жұрттың қуанышында шек жоқ. Әсіресе көп балалы аналар мәз. Айнұр Тасқамбаева төртінші перзентін дүниеге әкелген кезде кезекке тұрған. Ол 10 жылдан кейін баспанаға қол жеткізіп отыр. Бүгінгі күнге дейін батыр ана туған-туыстарының үйін жағалап, жалдамалы пәтерде тұрып келген.

Айнұр Тасқамбаева, көп балалы ана:

– Қазір 3 бөлмелі үй алып отырмын. 10 жыл бойы күттім. Әр баламның өз бөлмесі болады енді.

Айнұр сияқты 35 ана қоныс тойын тойлады. 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көп қабатты тұрғын үй жекешелендіру құқығынсыз берілді.

Болатхан Сәттеров, ауған соғысының ардагері:

– Жанұямыз үшін бүгін – бақытты күн. Бала-шағамызбен қуанып жартырмыз.

Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымды тарту жұмыстарына 16,7 миллиард теңге қарастырылған. Оған 30 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мен 14 инженерлік инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы биыл өңірде 2 мыңнан астам адам баспанамен қамтылады деп күтілуде.

Авторлары: Берік Жұмабайұлы, Тимур Сейлхан

Хабар 24 телеарнасы