378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында күл үйінділерін қазу жұмыстары тоқтатылды

  • 153
  • UPD: 22:50, 23.05.2019

Жергілікті полиция заңсыз қазба жұмыстарын жүргізген 30 шақты адамға айыппұл салды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір бұл жұмыстарды кімнің ұйымдастырғаны анықталып жатыр. Қазір бұл аумақтан техника мен қыбырлаған көпшілікті көрмейсіз. Дегенмен ақшаға құныққан бірлі-жарым адам әлі де кездеседі.

Күл үйінділері көмілген ескі полигонда қазір тыныштық орнаған. Микросфера қазып жүрген адамдар мен техникалар көрінбейді. Жергілікті атқарушы билік болса бұл орынның кімге тиесілі екенін енді ғана анықтауға кіріскен.

Мантай Мусин, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:

- Қалдықтар көмілген жер туралы қолымызда қандай да бір құжаттар жоқ. Ондағы күлдің көлемі, қалпына келтіру жұмыстары туралы ешқандай мәлімет бере алмаймыз. Біз заң және қаржы бөлімдерімен бірлесіп зерттеуге кірістік. Барлық жұмыс заңға сәйкес жүргізіледі.

Заңсыз қазба жұмыстары ұзындығы  1,5 шақырым аумақты қамтыған. Белгісіз біреулер сол жер арқылы өтетін шоғырсымдарға зақым келтіріп, өңірдегі ірі кәсіпорынды  байланыссыз қалдырды.

Гүлнәр Оразалина, телекоммуникациялық компанияның инженері:

- Бұл шығынды кім қалпына келтіретінін білмеймін. Мұндағы адамдардың барлығы бетперде киіп жұмыс істеді. Өйткені шаң болды. Кім екенін ешкім бізге айтпады. Шоғырсымдар өтетін аумақ қорғалады, техникаларды тоқтатыңдар деген өтінішімізге ешкім құлақ аспады.

Ақсу қалалық әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, 30 адамға әкімшілік хаттама толтырылыпты. Жаппай қазу жұмыстары тоқтатылған. Бірақ кен іздеген бірлі-жарым адам әлі де кездеседі. Экологтар әзірге алты адамға 50 айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл салынғанын айтады. Ал жұмысты ұйымдастырушылардың есімдері сәл кейінірек белгілі болады.

Дархан Исжанов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатысты Қылмыстық кодекстің 344-бабы қарастырылған. Ірі көлемде алаяқтық жасағандар анықталуы тиіс. Өйткені олар микросфераны өте көп мөлшерде қазып әкетті. Бүгінгі таңда бірде-біреуі ұсталмады.

Қалыптасқан жағдай қала тұрғындарын да алаңдатып отыр. Олар экологиялық жағдай денсаулыққа кері әсерін тигізе ме деп қорқады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы