379,60 431.00 6.04
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда аударылған батут иесі бұрын өрт сөндіру бөлімінің бастығы болған

  • 298
  • UPD: 16:04, 27.05.2019
Қарағандыда аударылған батут иесі бұрын өрт сөндіру бөлімінің бастығы болған

Қарағанды қаласының орталық саябағында аударылған батуттың қожайыны Абай қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы бастығы болған.

Осыған дейін Қарағанды облысының Полиция департаменті «Бала өліміне әкеліп соққан үрмелі батутты қолданысқа енгізген Қарағанды қаласының 40 жастағы тұрғыны «сауық нысанын заңсыз әрі, талапқа сай орналастырмағаны» үшін ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалғаны туралы хабарлаған болатын.

Қайғылы оқиғаға себеп болған батуттың қожайыны бұрын Өрт сөндіру қызметінің бастығы қызметін атқарғаны белгілі болды.

«Ол бұрын Өрт сөндіру қызметінің бөлімшелерінде жұмыс істеді. Абай қаласында орналасқан өрт сөндіру бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 20 мамырда ол жұмыстан босату туралы рапорт берген», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ батут ресми түрде оның зайыбының атына тіркелгені де анықталған. Алайда оны орнату, пайдалану және тасымалдау бойынша барлық ұйымдастыру мәселелерімен бұрынғы шенеуніктің өзі айналысқан. Батут заңды немесе заңсыз орнатылғаны төңірегінде де көптеген сұрақтар туындады. Бұл мәселеге қатысты мәдениет, демалыс саябақтары мен гүлзарлар басқармасы ер адамның паркке батутты алып келіп, өз бетінше орнатқанын мәлімдеген. Үрмелі аттаркцион иесінен басқарма қызметкерлері рұқсаттама қағазын сұрағанда, ол келісім-шарт құжаттарын үйінде ұмытып кеткенін айтқан. Х. Мақажанов атындағы Қарағанды облыстық травматология орталығының жетекшісі Ерік Шонбаев аталған оқиғадан зардап шеккен балалар туралы айтты.

«Бүгінгі таңда балалардың жағдайы тұрақты, тұрақты-ауыр. Барлық қажетті медициналық көмекті балалар толық көлемде алды. Барлық қажетті тексерулер жүргізілді. Балаларды нейрохирургтер, травматологтар, балалар реаниматологтары секілді бірнеше мамандар қарап шықты. Қазір олар тәулік бойы бақылауда. Қазіргі уақытта балалардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Балалар клиникалық ауруханасына жатқызылған балада бас жарақаты, қабырғасы сынған, іштің ауыр жарақаты бар. Бізге, Мақажанов клиникасына жатқызылған баланың бас жарақаты, қолы мен аяғы сынып,  жеңіл жараланған жерлері анықталды. Саябақта барлығы бес адам зардап шекті. Олардың біреуі Жедел жәрдем келгенше көз жұмды, төртеуі Қарағанды қаласының травмоорталықтарына жеткізілді. Әзірге балаларды палатаға ауыстыру туралы айту ерте. Балалар жан сақтау бөлімінде, дәрігерлердің жіті бақылауында болады», - деді Ерік Шонбаев. Естеріңізге сала кетейік, 25 мамыр күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында батут аударылып қалған болатын. Оқиға салдарынан 11 жасар бала көз жұмды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Хабар 24 телеарнасы