387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмолалық құтқарушылар балаларды суда жүзуге тегін үйретеді

  • 441
  • UPD: 10:06, 30.05.2019

Ақмола облысының құтқарушылары балаларды суда жүзуге тегін үйретеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай игі бастаманы олар балалар арасында суға кету дерегін азайту мақсатында қолға алған. Себебі аймақта жыл сайын 3-4 бала суға батып көз жұмады.

10 жылдан астам уақыт құтқарушы болып қызмет ететін Рүстем Мүжүпов балаларды бүгін Көкшетаудағы Қопа көлінің жағасына алып келді. Себебі бірнеше күннен кейін аймақта шомылу маусымы басталады. Ал жүзу сабақтары күз, көктем және қыс айларында жабық бассейндерде жүргізілсе, жазда құтқару бекеті бар көлдерде жүзеге асырылады.  

Мерей Тасым, оқушы:

– Мен жүзе алмаймын. Бірақ біздің қаламыздың құтқарушылары бізге мүмкіндік беріп тұр. Бізді тегін үйретіп жатыр. Мен кішкентай кезімде жүзуге барып жүрдім. Сосын оны қойдым. Осы жазда мен жүзуді үйренем деп уәде беремін өзіме.

Алексей Советов, облыстық ТЖД басшысы:

– Бүгінге дейін біз 300 балаға суда жүзудің қыр-сырын үйреттік. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін мың баладан асырамыз. Жалпы бізде су айдындарында қызмет ететін кәсіби 61 құтқарушы бар. Бірақ олар жетіспейді. Сондықтан жыл сайын 100 шақты ерікті қоғамдық құтқарушылар көмекке келеді.

Жалпы облыс аумағында 754 су айдыны бар. Олардың тек төртеуінде ғана кәсіби құтқару бекеттері орналасса, тағы бірнешеуінде маусымдық, яғни уақытша жасақтар қойылған. Ал қалғандары қауіпті болып қала бермек.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Әлемде жыл сайын 100 мыңдаған адам осындай су айдындарына батып көз жұмады екен. Олардың көбісі – өкінішке орай бала. Ақмола облысында да былтыр 20 адам суға батып кетсе, олардың екеуі бала болған.

Адамдарды құтқару ісіне енді полицейлер де атсалысады. Қазір олардың қызметтік көліктері қажетті құралдармен толық жабдықталуда.

Тәртіп сақшыларында бұлардан бөлек, тағы бірнеше құтқару құралдары бар. Яғни полицейлер қызметте жүргенде қандай жағдай болмасын зардап шеккендерге жедел көмек көрсете алатындай болулары тиіс. Дәл осылай барлық патрульдік көліктер біртіндеп құтқару құралдарымен жабдықталады.

Ризахмет Жанбеков, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Жабдықталғанмен шектелмей, қазіргі уақытта біз өзіміздің қызметкерлермен сабақ өткізіп жатырмыз. Ол үшін келісім бар. Техникалық қызметкерлер, дәрігерлер сабақ өткізеді.

Осылайша адамдарды түрлі қиын жағдайлардан аман алып қалу үшін барлық жағдайлар жасалуда. Алайда мамандар кім қайда жүрсе де, қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын қатаң сақтау керек дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы