378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғаламтор арқылы табыс тауып отандық вайнерлер елордада тәжірибесімен бөліспек

  • 235
  • UPD: 15:32, 05.06.2019

Ғаламтор деген ғаламаттың игілігін көріп, көл-көсір табыс тауып жүрген жас кәсіпкерлер бүгін елордада тәжірибесімен бөліспек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белгілі блогерлер мен вайнерлер өз кәсібін енді бастаған жастарға табыс сырын айтады. Ал қазақ брендінің дүкендерін ашып, 300 млн теңге пайда көріп жүрген жас бизнесмендер бизнес-кейстер таратуға дайын. Нұр-Сұлтан қаласында Атамекен Фест өтіп жатыр.

Жасын Біркенов, тілші:

– Желбіреген жалау, қып-қызыл кілем. Іркес-іркес келіп жатқан көліктер. Әлем танитын тұлғалар бұл жерде жоқ. Бірақ Atameken Fest-тің маңыздылығы мен салмағы халықаралық деңгейде өтетін алқалы жиындардан артық болмаса да, еш кем емес. Өйткені бүгінгі шараның шарапаты мол болмақ.

Бұл жерге тасын өрге домалатып, кәсібінің нәсібін көріп жүрген жас кәсіпкерлер жиналды. Міне, бизнестің жілігін шағып, майын ішкен бизнесмендер бүгін тәжірибесімен, демек табыс сырымен бөліседі. Жай ғана айтып қоймай, нақты мысалдар келтірмек. Заман көшіне ілескен жастар мұны «лайфхак» дейді. Яғни пайдалы кеңестер айтып, азаматтарға өз ісін ашуға ынталандырады. Осылайша Atameken Fest нақты бизнес-кейстер айтылатын алаңға айналмақ. Сонымен бірге бүгінгі фестиваль жас кәсіпкерлерді таныстырып, табыстырып, келешегі бар келісімге үндейді.

Енді жоғарыда айтқан лайфхактармен бөлісетін адамдар жайлы қысқы да нұсқа. Инстаграмның пайда болуымен вайнерлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткен. Бұл жерде белгілі «Юфрейм» командасының қатысушысы, вайнер Арман Юсупов бар. Юфрейм – бұл инстаграмда 3,5 млн оқырманы, Ютубта 650 мың көрермені әрі бургер мейрамханалар желісі бар алып медиахолдинг.

Тағы бір қонақ – ол вайнер, актер әрі рэп орындаушы Темірхан Асылбек. «Территима» деген лақап атымен белгілі жігіттің инстаграмында 1,7 млн оқырманы бар. Бұлар жаһанды жаулаған ғаламторды дұрыстап игеріп, қазір игілігін көріп жүр.

300 млн теңгеден астам пайда әкелетін 10 дүкеннің иесі, «Сабыржан Айрин» қазақ брендінің негізін қалаушы Рүстем Ермекбай, «Найми кз» мобильдік қосымшасын ойлап тапқан әрі Астана Хаб халықаралық Айти стартаптар технопаркін құру туралы бастама көтерген Мағжан Мәдиев, «Роккет Стади» ағылшын тілі мектептер желісін ашқан Арыслан Даримов, джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева сынды меймандар да бүгін табыс сырымен бөліседі.

Хабар 24 телеарнасы