389,60 428,03 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада аутист балаларға арналған лагерь өз жұмысын бастайды

  • 457
Елордада аутист балаларға арналған лагерь өз жұмысын бастайды

Елордада мыңға тарта аутист бала бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақында оларға арналған лагерь өз жұмысын бастайды. Бұған себепкер – «Алтын орда» ерекше балаларды дамыту-түзету орталығы.

Гүлсім Есмұратова перзентін ертіп, елордадағы аутист балаларға арналған орталыққа келеді. Мұндағы мақсаты – аутизм дертіне шалдыққан баласына тегін әлеуметтік қызмет алу. Сөйтсе, бұл мекемеде балаға ғана көмек көрсетілмей, ата-ананы да жұмыспен қамтуға ден қойылыпты. Қазір ол әлеуметтік қызметкер. Тағдыры ұқсас 10 анамен әріптес боп жүр.

Гүлсім Есмұратова, әлеуметтік қызметкер:

– Мен әлеуметтік қызметкермін. Диагнозы анықталған балалардың ата-аналарына көмектесуге үлесімізді қосып жатырмыз. көрсетіледі. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қаржылық қолдауымен жұмыс істеп келе жатқан мекеменің ашылғанына екі-ақ жыл болды. Нәтиже айтарлықтай.

Салтанат Есмағамбетова, ерекше балаларды дамыту-түзету орталығының жетекшісі:

– Баласының диагнозын қабылдағысы келмейтін ата-аналар бар. Бұл дұрыс емес. Диагностиканы ертерек бастап, алдын алу шараларын қолға алмаса, баланың жағдайын ауырлатып алуға болады. Бірақ біз ата-аналармен етене жұмыс істеуге тырысамыз. Біздің өз баламыз үшін ұялмайтынымызды, басқалармен тең қарайтынымызды түсінгенде, өздері де өзгелерге көмектесе бастайды.

Балаларға аптасына үш рет логопед, психолог, дефектолог сияқты мамандар қызмет көрсетеді. Тағдырына мойыған ата-анаға да психологиялық қолдау бар. Бастысы, берекелі ұжымның еңбегі елеулі.

Зарина Дандыбаева, ата-ана:

– Орталық ашылғалы баламды әкеп жүрмін. Тұрақты түрде келеміз. Нәтиже бар. Балам жан-жақты дамып келеді. Өкінішке қарай, бұл – емделмейтін дерт. Бастысы баламен коррекциялық жұмыстарды тоқтатпау керек. Бұл қызметтерді ақылы түрде алуға жағдайымыз келмейді. Сондықтан осы орталықтың тегін болғаны қатты қуантады. Қазір Алиханым 13-те. Бізге осы ұжыммен жұмыс істеген ұнайды.

Енді орталық жанында аутист балаларға арналған лагерь ашылмақ. Ол – елімізде баламасы жоқ бірегей демалыс алаңы. Атқарылып жатқан жұмыс көп. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен 38 млн теңге бөлінеді.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Ерекше балаларды дамыту-түзету орталығы ата-ана үшін де балалар үшін де ыңғайлы. Бірақ мекеме басшылығы ғимаратты жалдап отырған. Айына 500 мың теңге төлеп. Енді иелік қожайындары ғимаратты сатуға бекініп отыр екен. Демек, 200-ге тарта аутизм дертіне шалдыққан балаларды паналататын жаңа ғимаратқа қажеттілік туып тұр.

Әлемдегі әрбір жүз алпысыншы бала аутизм дертіне шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген дерек – бұл. Соңғы 10 жылда елімізде де аутист балалардың саны 10 есеге артып, 4000-ға жуықтады. Мамандар мұны дабыл қағарлық жағдайға балайды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы