389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында тағы бір тұщы су көзі табылды

  • 538
  • UPD: 23:41, 06.06.2019

Мақат ауданынан тұщы су көзі табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Атырау облысында жер астынан шығып жатқан тіршілік нәрі көлемін ұлғайтып, әжептәуір көлге айналып келеді. Мамандар да зерттеу жұмыстарына кіріскен.

Егер жерасты суының қоры анықталып, тұрғындардың игілігіне берілер болса, бұған дейін тек қана құбыр суын пайдаланып келген шаруашылықтар үшін үлкен қуаныш болғалы тұр.

Ұзындығы екі жүз, ені жүз метр көлшіктің тереңдігі әзірге тізеден келеді. Мамандар шамамен 5 мың текше метр су жиналды дегенді айтады. Ол Мақат ауданы Ескене ауылынан 5 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Көлшіктің пайда болу сырын құзырлы органдар әртүрлі топшылайды. Қазірдің өзінде бұл араны ауыл малы мен қаз-үйректер мекендеп алыпты.

Ләззат Қалмағанбетова, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бас маманы:

– Бұл белгісіз су көзі қандай жолмен шығып жатқандығы анықталған жоқ. Ол жерасты суы болуы мүмкін.

Облыстық экология департаментінің мамандары судан сынама алып, зерттеуге кірісті.

Жолдасқали Телағысов, облыстық экология департаменті бөлімінің меңгерушісі:

– Судың құрамында қандай зиянды заттар бар екенін, ауыр металдар мен тұздылығын және тағы да басқа құрылымдарды анықтауға жібереміз.

Мақат ауданындағы ондаған шаруашылық тұщы су көзінің болмауынан малдарын көршілес Қызылқоға ауданында бағады. Енді мына көл кәдеге асар болса, шаруаға да, малға да ырыс болғалы тұр.

Ғазиз Ғабдуллин, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Әрине бұл қуанышты жағдай. Мақат ауданында мал шаруашылғымен айналысып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Отыз-қырық кәсіпкер бар. Оларға осы жерден жер телімін беріп, судың пайдасын көруге әбден болады.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Қалай дегенмен де, шөл даланың бетіне шапшып шыққан бұл тіршілік нәрі гидрогеологтарды үлкен үмітке бастап отыр. Себебі Атырау облысы тек мол мұнай-газ қорымен ғана емес, тұщы судың да үлкен көзін табуға болатындай. Олай болған жағдайда, осы өңірде мал шаруашылығы өркендеп, шаруалардың құдайы берері анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы