384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайлау-2019: еңбек вахтасындағы мұнайшылар дауыс беруде

  • 56
  • UPD: 17:59, 09.06.2019

Бүгін таң азаннан Атырау облысында екі жүз алпыс екі сайлау учаскесі бір мезетте ашылып іске кірісті.

Учаскелерде төрт жүз он мыңға тарта азамат дауыс беретін болады. Олардың ішінде еліміздің өзге өңірлерінен келіп мұнай-газ өнеркәсібінде ауысыммен еңбек етіп жатқан азаматтар да бар. «Теңіз» кен алаңындағы үшінші буын зауытының құрылысы мен Каспий қайраңындағы «Қашаған» кенішінде еңбек етіп, қазақстандықтарға өз еріктерін білдіру үшін толық жағдай жасалды.  

Мұнайлы өңірде сайлау науқанынан ешкім де шет қалмайды. Ауысыммен жұмыс істейтін мұнайшылардың кезекті еңбек вахтасы бүгінге күнге келгендер тура жұмыс орындарынан өз еріктерін білдіретін болады. Қазір біз тұрған «Самал» кентінен «Болашақ» мұнай дайындау қондырғысының жұмысшылары дауыс беруде. Бұл кешенді қондырғы Каспийдегі Қашаған мұнайын экспортқа дайындауға арналған. Мұнайшылар кентіне сайлау комиссиясының мүшелері сайлау жәшігімен келді. Бұл жерде 200-дей сайлаушы бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтар өз өтініштерімен есепке алу куәлігі арқылы осы арадан дауыстарын береді. Осындай тәсілмен Каспий теңізіндегі жасанды аралдарда еңбек етіп жатқан мұнайшылар да өз еріктерін білдіруде.

Жағыпар Егізбаев, НКОК компаниясының сыртқы байланыс жөніндегі менеджері:

- Қашағанда 594 сайлаушы тізімге алынған. Бүгін таңертең құрамында екі сайлау учаскесінің мүшелері бар топ тікұшақпен аралдарға жіберілді. Қазір жасанды аралдарда мұнай өндірілуде. Сондықтан өндіріс қауіпсіздігі басты назарда. Тіпті сайлау комиссияларының мүшелері де арнайы дайындықтан өтіп сынақ тапсырды.

Сондай-ақ «Теңіз» кен алаңындағы мыңдаған мұнайшылар да бүгінгі саяси науқанға қатысуға мүмкіндік алды. Олар өндірістің ең маңызды процесіндегі мұнайшылар мен осындағы үшінші буынды зауытты тұрғызып жатқан құрылысшылар. Азаматтардың сайлауға қатысуын қамтамсыз ету үшін жұмыс берушілер арнайы кестемен транспорт бөліп, тасымал ұйымдастырған. Атап айтқанда, 3 мыңнан астам сайлаушы Құлсары қаласына, 800-ге тарта жұмысшы көршілес орналасқан Жаңақаратон кентінде дауыс береді. Сондай-ақ шағын компанияларда жұмыс жасайтындар жақын орналасқан сайлау учаскелерінде өз еріктерін білдіретін болады. Жалпы, бүгін Атырау облысындағы 262 сайлау учаскесінде 410 мыңға тарта сайлаушы дауыс беріп жатыр.

Авторы: Арыстанбек Кенже

Хабар 24 телеарнасы